Семей полигоны жабылған күн: Швейцарияда арнайы шара өтті

Семей полигоны жабылған күн: Швейцарияда арнайы шара өтті

29 тамызда бүкіл әлемде Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні атап өтіледі. Дәл осы күні осыдан 30 жыл бұрын дүниежүзіндегі ең ірі ядролық сынақ алаңы – Семей полигоны жабылған болатын. Осыған орай Швейцариядағы Қазақстан елшілігінің бастамасымен Берн қаласында арнайы шара өтті. Шара барысында британдық продюсер Андре Сингердің «Жел қайда соқты» атты деректі фильмі таныстырылды. Ол 40 жылға созылған сынақтар және «Невада – Семей» қозғалысы белсенділерінің күресі туралы баяндайды.

Рето Воллеман, Швейцария СІМ бөлім жетекшісінің орынбасары:

- Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығын атап өту – өте маңызды оқиға, ядролық қарусыздандыру мақсатымызға жететінімізге үміт беріп отыр. Қазақстандағы ядролық сынақтардан зиян шеккендердің ауыр зардабы осы маңызды шешімді қабылдауға түрткі болды.

Әлібек Бақаев, Қазақстанның Швейцариядағы елшісі:

- Бұл шараның басты мақсаты Еуропа қауымдастығына Қазақстан тарихында болғанын және мұны ұмытпағанымызды көрсетумен қатар, әлемде бұдан былай осындай жағдай қайталанбас үшін өзге елдер, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарды Қазақстанмен бірігіп, толыққанды жүйелі жұмыс атқаруға шақыру болып отыр.

Шара аясында қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіковтің «Көк жарық» деп аталатын суреттер көрмесі өтті. Швейцариялық көрерменге қылқалам шеберінің тағдыры мен ядролық тақырыптағы картиналары үлкен әсер қалдырды.

Маркус Кремер, қаржы саласының сарапшысы:

- Бұрын бұл жайында хабарсыз едім. Алайда фильм мен Қайырбек Күйіковтің жантүршігерлік суреттері арқасында сол жылдары не болғанын білдім. Осы суреттер келешекке деген сенім секілді. Сынақтан зардап шеккендер өзіне тиген зардабын еңсеріп, жарқын болашағын құру үшін тынбай еңбек етіп жатқанын көріп тұрмыз.