35 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы қорынан ақшасының бір бөлігін аудару үшін есеп шот ашты

35 мыңнан астам қазақстандық бірыңғай зейнетақы қорынан бір реттік төлемін аудару үшін Отбасы банкінде арнайы есеп шот ашты. Бұл – осы уақытқа дейін жиналған жарнаның бір бөлігін алуға қойылатын міндетті талаптардың бірі. Бұл үшін аталмыш қаржы институтының салымшысы болу міндет емес.

Жанар Дулатова, тілші:

 - Есеп шот ашу үшін банкке барудың қажеті жоқ. Ол үшін бар болғаны арнайы мобильдік қосымшаны жүктеп алу керек. Кейін ұялы телефон және жеке сәйкестендіру номерлерін теру қажет. Тіркелгеннен кейін  өтініш толтырылады. Осылайша бір реттік зейнетақы төлемін аударатын есеп шот ашылады.

Баспанаға зәру болып отырған қазақстандықтар үшін бұл жаңашылдық үлкен  мүмкіндіктер ашып отыр. Біреулері зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, енді біреулері оны денсаулығын жақсарту үшін жұмсай алады. Тек қашан кәдеге жаратуға болатыны әзірге белгісіз.

ЖАНСҰЛТАН МАТАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ОРТАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бүгінгі күні осы бір жолғы зейнетақы төлемдерін аударуға мүмкіндік беретін онлайн платформа бізде дайын тұр. Бұл тұғырнаманы бір жолғы зейнетақыны пайдалану ережесі бекітілгеннен бастап іске қосамыз.

Еске салайық, егер бірыңғай зейнетақы қорында олардың жиналған сомасы жеткілікті шектен асып жатса ғана осы мүмкіндікті пайдалануға болады. Оны мұқият тексеріп алу қажет. Мәселен, 30 жастағы адамның зейнетақы қорында кемінде 2,5 миллион теңгесі қалуы керек. Жас ұлғайған сайын шекті деңгейдің көлемі өседі. Бұл ақпарат та онлайн режимде қолжетімді. Бұған қоса зейнетақы қоры жиналған қаржыны тексеретін арнайы жүйе құрды.

  
МҰРАТ ШӘРІПОВ, «БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ» АҚ НҰР-СҰЛТАН Қ. ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Зейнетақы қорының салымшылары жиналған сома бойынша барлық ақпаратты қашықтан біле алады. Ол үшін электрондық қол қажет немесе телеграм-бот сайты арқылы көреді. Бір сөзбен бізді барлық әлеуметтік желілерден тауып алуға болады.

Мамандардың айтуынша, бір реттік зейнетақы төлемдері қолға берілмей, бар сома есеп шотқа аударылатынын ескерген жөн. Қаржыгерлер өтініштің дұрыс толтырылуына да мұқият болуға кеңес береді. Қажетті құжаттар нақты ұсынылып, электронды қолтаңба болуы шарт. Жалпы бүгінде 760 мың азаматтың шекті деңгейден жоғары жинақтары бар. Оның көлемі 2,4 триллион теңгеден асады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов