Коронавирусқа қарсы екпенің толық курсынан өткен қазақстандықтармен қатар кейбір шетел азаматтарына еліміздің аумағына ену үшін мінтетті ПТР-тест тапсырудың қажеті жоқ. Бұл – вакцинация паспорты өзара танылатын 30 мемлекеттің тұрғындарына қатысты шыққан жаңа ереже. «Жасыл» және «көк» мәртебесі бар адамдарға барлық нысанға кіру рұқсат. Бұдан былай ұйымдар мен кеңселерде қашықтан жұмыс істеу міндет емес. Ауру белгілері болмаған жағдайда байланыста болған адамдарды үй карантиніне оқшаулау тоқтатылды. «Ashyq» қосымшасынан «сары» мәртебе алынып тасталды. Қазақстанда эпидахуалдың тұрақтануына байланысты карантиндік шектеу шараларының жеңілдетілгені жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Оның дерегінше, соңғы бір айда елдегі коронавирус жұқтырудың орташа тәуліктік көрсеткіші 34 есе азайған.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бұдан басқа халықтың осал топтарын вакцинациялау және ревакцинациялаумен қамтуды ұлғайту мақсатында Қазақстанда барлық топтағы мүгедектерді вакцинациялаудың барлық түрі, соның ішінде pfizer вакцинасын пайдалануға рұқсат етілді. Сондай-ақ 50 жастан асқан адамдарды ревакцинациялау үшін бірінші компонентті шетелде алған адамдарға вакцинациялаудың бастапқы курсын аяқтау үшін pfizer вакцинасын пайдалануға рұқсат етілді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов