Коронавирустың жаңа штамы мутацияның 30-дан астам түріне ие. ДДСҰ мамандарының айтуынша, COVID-19-дың жаңа түрі алдыңғы дельта штамына қарағанда әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін. Оңтүстік Африкада қарашаның алғашқы онкүндігінде табылған вирустың бұл түрі әлемнің 23 елінде тіркелген.
Виталий Стецик, ДДСҰ-ның Қазақстандағы кеңсесінің техникалық офицері:
- Кейбір мутацияларды біз басқа нұсқаларда көрдік. Мысалы, вирустың кейбір түрі таралу әлеуетінің жоғарылауына немесе олардың жылдамдығына жауап береді, яғни адамдарға оңай әрі тез жұғады, адамнан адамға тарайды. Алайда бұл тұжырым қазіргі таңда бүкіл әлемде, оның ішінде Оңтүстік Африкада жүргізіліп жатқан эпидемиологиялық зерттеулер арқылы растауды қажет етеді.
Қатерлі індеттің алдын алу үшін ДДСҰ-ның мамандары ең алдымен 60 жастан асқан, сондай-ақ қант диабеті және онкологиялық аурулары бар адамдарға ұзақ сапарлардан бас тартуға кеңес береді. Сондай-ақ халықты жаппай егу қарқынын жеделдетуге шақырады.
Виталий Стецик, ДДСҰ-ның Қазақстандағы кеңсесінің техникалық офицері:
- Бізге ең алдымен коронавирустың басқа нұсқаларын, соның ішінде дельта түріне қарсы енгізілген ұсыныстарды одан әрі жетілдіру керек. Ол үшін бірінші кезекте COVID-19 вирусының даму қаупі бар адамдарды жаппай вакциналауды қолға алу қажет. Себебі иммундау – қоғам үшін аса маңызды науқан. Әсіресе 60-тан асқан егде жастағы адамдар егілуі тиіс. Вакцина қатерлі дерттің асқынып, ауыр өтуіне кедергі және өлім-жітім санын қысқартуға қатысты ең тиімді құрал екенін тағы бір ескерткім келеді.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда әлем мамандары омикрон штамын зерттеуге ден қойған. Алайда әзірге жаңа вирус түрінің ауырлығы туралы толық деректер жоқ. ДДСҰ мамандары бетперде кию, қолды жуу, бөлмелерді желдету, қашықтықты сақтау сынды қарапайым індеттің алдын алу шараларын ұстануға кеңес береді.