Қазақстанда 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-ін нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. Мақсат өңірлердің орталықпен сапалы ішкі көлік байланысын қамтамасыз ету дейді, елдің индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі. Ал, осы жылдың соңына дейін елдегі тас жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 85% дейін жеткізу көзделген. Биыл көлік қатынауының ішкі желілерін салып, жаңғырту үшін шамамен 372 миллиард теңге бағытталған.
Төлеген Абдуллин, ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:
Ағымдағы жылы жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырымнан астам автожолдарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Республикалық маңызы бар желі бойынша жаңадан 4 мың шақырым жол салу көзделген болса, қазір оның 1 шақырымы аяқталуға жақын. 3 мың км-ге тарта жол күрделі және орташа жөндеудемен қамтылып, 900 шақырымында жұмыстар толықтай тәмамдалды. Жөндеудің барлық түрлерімен жергілікті маңыздағы жолдардың 4,6 мың шақырымы қамтылды. 2,6 шақырымы жақында қолданысқа беріледі. Ал, 2023-ші жылы республикалық желінің үш жарым мың шақырымын қалпына келтіру жоспарланған.
Елімізде автомобиль жолдарының сапасын жақсартып, қолданыс мерзімін арттыру қамында Superpave технологиясы пайдаланылатын болады. Бұл жаңа әдіске сай жолдарды жобалау кезінде әр аймақтың климаттық жағдайы мен температурасы әрі қозғалыс қарқындылығы ескерілетін болады. Әрбір өңір үшін асфальтбетон қоспалары, битум, қиыршық тастың жекелеген құрамы құрылады. Бұл тың технология Мемлекет басшысының автожол саласын реформалау тапсырмасын орындау мақсатында ендірілмек.