2022 жылы бұқаралық спортқа республикадан 20,1 млрд теңге қаражат бөлінеді. Аталған сомаға 180 мыңға жуық баланы спортқа баулу көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020-2025 жылдарға арналған Жолдауында облыс пен аудан орталықтарында балалар үшін тегін спорттық секциялар ашу, бұқаралық спортты дамыту қажеттілігін айтқан болатын. Биыл жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға жалпы сомасы 7,1 млрд теңге қаражат бөлді. Қарастырылған қаражат аясында жылдың соңына дейін 4-17 жас аралығындағы 79 782 бала мен жасөспірімді қамту көзделген болатын. Алайда қазіргі көрсеткіш одан екі есе көп. Салаға жауапты мамандардың айтуынша, мемлекеттік тапсырыс арқылы жан басына шаққандағы қаржы санын арттыру арқылы балалар мен жасөспірімдерді спортпен қамту айтарлықтай өсті. Бүгінде елімізде тегін спорттық секцияларға 146 425 балалар мен жасөспірімдер барып жүр.