1 маусымнан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдері сүт өнімдерін Ресейге цифрлық таңбалаудың жаңа қағидалары бойынша экспорттайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның көмегімен мамандар тауар өндірушіден сатып алушыға жеткенше бақылай алады. Егер сүт өнімдері арнайы кодпен белгіленбесе, онда ол контрафакт болып есептеледі. Одақ мүшесі ретінде Қазақстан да осы ережеге бағынуы тиіс.
Елімізде сүт өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауды енгізу келесі жылға жоспарланып отыр.
Цифрлық таңбалаудың көмегімен сала мамандары сапасыз сүт өнімдері тасымалымен күреспек. Біріншіден, DataMatrix коды мерзімі өткен тауарларды бұғаттайды. Ал дүкендер мен дистрибьюторлар сандық кодтағы жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты өзгерте алмайды. Екіншіден, таңбаланған өнімді сатып алушы Naqty Onim мобильді қосымшасында өндірушілер мен мемлекеттік органдарға заңбұзушылықтар туралы хабарлай алады. Үшіншіден, цифрлық кодты қолдан жасау мүмкін емес. Сәйкесінше, контрафакт өнімді дайындауға да жол жоқ. Экономиканың цифрлық даму орталығының хабарлауынша, мұндай инновациялар көлеңкедегі тауар айналымы 13% құрайтын сүт өнімдері нарығын тазартуға сеп болады.
***
Былтыр 183 мың тонна сүт өнімдері импортталды
Сүт өндірушілер цифрлық таңбалау жүйесін сынақтан өткізу үшін былтыр республикамызда пилоттық жоба басталды. Оған 7 қазақстандық өндіруші қатысып жатыр. Олар сүт, кілегей, айран, май, ірімшік, сүзбе және балмұздақ сынды таураларды DataMatrix кодымен белгілейді. Былтыр селімізде үт өнімдері нарығының көлемі 1 млн тоннадан асты. Оның 183 мың тоннаға жуығы өнім Қазақстанға импортталды. Сүт өнімдері елімізге негізінен Ресей, Беларусь және Қырғызстаннан әкелінген.
***
Елімізде бюджет тапшылығы бір триллион теңгеге жетті
Осы жылдың екі айында бюджет тапшылығы триллион теңгеге жетті. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының есебі осындай. Бұған бірнеше фактор әсер еткен. Мысалы, мемлекеттік қазынаның кірісі 15% төмендеді. Басқаша айтқанда, бюджет екі триллион теңгеге жуық қаражаттан қағылды. Мұнай бағасының төмендігі және ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндірісі көлемінің қысқаруы салдарынан Ұлттық қорға салықтық түсімдер азайған. Ал пандемия салдарынан мемлекеттік бюджет шығындары 3 триллион теңгеге өсті. Шығындардың 70% денсаулық сақтау саласына жұмсалды.
***
Биыл жеңіл көліктердің бағасы 17% өсті
Автомобиль өнеркәсібі одағының дерегіне сай биыл жеңіл көліктердің бағасы 17% өсті. Әсіресе «Нива» және Ravon Nexia маркалары қымбаттады. Ниваның бағасы 21% ал Рейвон Нексия 18% өскен. Біз Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі Ravon Nexia көлігінің құнын салыстырдық. 2020 жылы шыққан, қозғалтқыш көлемі бір жарым литр және механикалық басқару қорабы бар Ravon Nexia 3-тің ең арзаны Арменияда 2 млн 800 мың теңге. Өзбекстан автосалондарында ол 3 млн теңге. Қазақстанда теміртұлпардың бұл моделі 3 млн 690 мың теңгеге сатылады. Ең қымбат Ravon Nexia Ресейде. Онда жеңіл көліктің бұл түрі 4 млн теңгеден асады.
Ravon Nexia R3 бағасы
Армения ₸ 2 800 000
Өзбекстан ₸ 3 000 000
Қазақстан ₸ 3 690 000
Беларусь ₸ 3 900 000
Қырғызтан ₸ 4 053 000
Ресей ₸ 4 070 000
***
Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 427 теңге 46 тиын, еуро 500 теңге 9 тиын, рубль 5 теңге 59 тиын.