Қазақстан мен Франция 2 млрд 200 млн доллардың 24 келісіміне қол қойды

Қазақстан мен Франция жалпы құны 2 млрд 200 млн доллардың 24 келісіміне қол қойды. Бұл уағдаластықтар Парижде өткен 13-ші қазақ-француз іскерлік кеңес отырысының барысында жасалды. Қос жақтың бизнес өкілдері ынтымақтастық әлеуеті мен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жолдарын талқылады. Француз кәсіпкерлері IT-индустрия, агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен өндірісі,медицина және жеңіл өнеркәсіптегі әріптестік аясын нығайтуға қызығушылық білдірді. Олар энергетикалық бағытта аса тартымды екенін жеткізді.

Ғабидолла Оспанқұло, ҚР СІМ инвестиция комитетінің төрағасы:

– «Орано» уран игеретін әлемдегі ең үздік француз компаниясы. Оның бұл кенді жер астынан игеруге байланысты технологияларымен тәжірибесі өте жоғары. Сондықтан бұл салада Қазақстанда олардың технологиялары мен тәжірибесін қолдану бойынша келісімдер бар. Одан бөлек осы елде енді бір әлемдік деңгейдегі EDF компаниясы бар.  Олар тек өндіріспен ғана шектелмейді, дайын өнімді өндіріске қолданады. Олар атом электр станцияларын басқару бойынша әлемде көшбасшы. Мемлекет басшысы референдумнан кейін консорциум туралы мәселе шешілетінін, яғни осындай келіссөздердің нәтижесі бойынша олардың қатысуы шешімін табу мүмкіндігін айтты.

 

Қазақстан мен Франция арасындағы тауыр айналымы 2024 жылдың 8 айында 4 млрд долларды құрады

 

Айта кетейік, Қазақстан Францияның Орталық Азиядағы жетекші экономикалық серіктесі. Ал Бесінші республика біздің Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Жыл сайын елдерімізарасындағы тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді. Мәселен 2024 жылдың сегіз айында өзара сауда 45% артып, 4 млрд долларды құрады. Бұл ретте қазақстандық экспорттың үлесіне жалпы көлемнің 90% тиесілі. Бұдан басқа, Франция Қазақстанның инвестициялық әріптестерінің үздік бестігіне кіреді.Тек 2005 жылдан бастап біздің елге 19 млрд доллардан астам қаржы құйған. Қазақстанда француз капиталы бар 200-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Олар мұнай-химия, көлік, машина жасау, авиация және құрылыс салаларында шоғырланған.