Логистикалық мүмкіндіктер мен сауда айналымын арттыру перспективалары. Осы және басқа да маңызды мәселелер Грузияда өткен кеме қатынасы жөніндегі халықаралық конференцияда талқыланды. Форум Қара теңіздегі ірі айлақ орналасқан Поти қаласында ұйымдастырылды.
Жиынға қазақстандық делегация да қатысты. Әлемде қалыптасқан геосаяси ахуалға байланысты бүгінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен жүк тасымалына сұраныс күрт артты. Қазақстан мен Грузияның осы саладағы әріптестігі жақсы дамуда. Өткен жылы қос тараптың тауар айналымы 88 миллион долларды құраған. Үстіміздегі жылдың екі айында бұл салада 57 проценттік өсім тіркелді.
Азамат Асқарұлы, QazTrade Бас директоры:
– Грузия – Қазақстан сауда қатынастары үшін өте маңызды мемлекет. Ол арқылы Оңтүстік Еуропа мен Түркияға шығатын экспорт қана емес, Грузия арқылы бізге келетін импорт та зор маңызға ие. Келісілген декларация шеңберінде Қазақстан, Грузия, Әзербайжан және Түркия болып ортақ кәсіпорындар ашуды талқылап, жүк тасымалы дәлізін ары қарай дамытуды көздеп отырмыз.