Жыл басынан бері 1 миллион жүз мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды. Көрсеткіш өткен жылымен салыстырғанда 3 есеге жуық көп. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Ербол Қарашөкеев әкімдік қызметкерлерінің жер телімдерін заң талаптарын бұза отырып бергені бойынша 74 факті анықталғанын атап өтті. Сонымен қатар мал жаю үшін 16 млн га көлемінде жайылымдардың жетіспеушілігі байқалады. Өз кезегінде бұл жағдай мал басының қысқаруына және ауылдағы әлеуметтік наразылықтың өсуіне алып келеді, деп толықтырды ведомство басшысы. Қазір комиссия жер пайдаланушыларға қатысты 724 жоспардан тыс тексеру жүргізуде. Жалпы тексеру алаңы 2 млн 94 мың гектарды құрайды, қазірдің өзінде 48 өтініш прокуратурада тіркеу сатысында тұр. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың соңына дейін мемлекет меншігіне пайдаланылмай жатқан және қолданыстағы заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жоспарлап отыр.