Биыл 9 айда Түркістан облысы саяхатшылар есебінен 5 жарым млрд теңгеден астам табыс көрді. Киелі шаһар түркі әлемінің туристік астанасы деп танылған соң келушілер санының күрт артқаны байқалады. Бұл қатарда Түркия, Ресей, Үндістан және Қытай азаматтары басым. Қонақтардың көбін Қожа Ахмет Яссауи кесенесі қызықтырады. 2025 жылы туристік ағынды екі есе арттыру жоспарланып отыр.
Осы ретте айта кетерлігі, биыл өңірге саланы дамыту үшін 50 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұдан басқа, облыста туристік нысандар бойынша бірыңғай ақпарат жиналатын әдістемелік құралдар әзірленуде. Онда өңірге қатысты көне аңыз әңгімелер мен қызықты оқиғалар және тарихи деректер қамтылады. Бұл іске тәжірибелі археологтар, тарихшылар, сәулетшілер, өлкетанушылар және өзге де білікті өңір мамандары тартылған. Жиналған барлық мәліметтер қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай, араб және жапон тілдеріне аударылады.
Сехун Пак, турист:
– Біз отбасымызбен демалуға Түркістанды таңдадық. Себебі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі туралы интернеттен көп кездестірдім. Міне, енді келіп, аралап жүрміз. Ерекше қала екен. Қатты ұнады.
Нұрдәулет Медеуов, облыстық туризм басқармасының басшысы:
– Өткен жылдары туристер саны 562 мыңға жуықтаған. Ол жерде ішкі туристер, шетелдік туристер бар. Шетелдік туристер арнайы «Е-Qonaq» жүйесі арқылы 14 мыңнан асқан.
Жеңіс Ермұқанов.