Жыл басынан бері елордалық 2 мыңнан аса азамат қаржы пирамидаларынан зардап шеккен

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласының Экономикалық тергеу департаменті 2000-нан астам қаржы пирамидаларына алданған азаматтардың ісін сотқа жіберген. Еш қиындықсыз қосымша ақша тапқысы келгендер қатары бұдан көп дейді, елордалық Экономикалық тергеу департаментінің өкілі. Тимур Мұқановтың айтуынша, азаматтарды алдаушылар өздерін портфельдік инвестиция және қаржылық кеңес ұсынатын халықаралық қаржы  және аналитикалық компания ретінде көрсеткен.

Тимур Мұқанов, ҚР қаржылық мониторинг агенттігі  Нұр-Сұлтан қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі:

– Қаржы пирамидаларына қатысты деректерге бойынша қазірдің өзінде 1000 нан аса салымшының ісіне қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін алданғандар тарапынан ақша салғаны және оларға уәде етілген кіріс алмағаны туралы түрлі арыз-шағымдар келіп түсуде. Айта кетерлік жайт, негізінен қаржы пирамидалары Қазақстаннан тыс, мысалы Ресейден не басқа мемлекеттерден келіп жатады.

Алаяқтарға арбалған  Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлжан Бұхарова 35 мың АҚШ долларынан айырылып қалды. Жеңіл ақшаның көзін тапқанына сенген ол өз туыстарын да осы іске тартыпты.  

Гүлжан Бұхарова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Мені онда бір танысым шақырды. Соңында үлкен сомадағы қаражат салдым. Уәде бойынша, күніне 1 процент түсіп тұруы тиіс еді. Криптовалюта деп айтылды. Ал шынына келгенде ешқандай криптовалютаны көрмедік. Ал ақша салған сайт түбінде өтірік болып шықты.

Бұл ретте, елордалық экономикалық тергеу департамент қызметкерлері азаматтарды қаржы пирамидасын анықтауға болатын бірнеше белгілерге назар аударуға шақырады. 

Тимур Мұқанов, ҚР қаржылық мониторинг агенттігі  Нұр-Сұлтан қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі:

– Бұл тізімде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің депозиттерді қабылдауға лицензиясының болмауы, ұйымда нақты қызмет түрі жоқ және компанияның қаржылық жағдайы, қаражат айналымы, бизнес-процестер ағымы жасырылған болады. Сондай-ақ кіру үшін міндетті жарна төлеу керек.  Мұның барлығы қаржы пирамидасы екеніне дәлел. Азаматтарға бұл тізімде көрсетілген кез-келген жағдайды байқасаңыздар жоламаңыздар дегім келеді. Және халыққа қаржылық сауатты көтеру керек.   

Айта кетейік, бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларына қарсы жұмыс тәсілдерін жетілдіруде. Олардың қызметін жарнамалайтын сайттарды бұғаттау бойынша жұмыс жүйелі  жүргізіледі. Қабылданған шаралардың арқасында 3 мыңнан астам сайт бұғатталды.