Қуандық Түменбай – жазушы, Қызылорда облысы Шиелі ауданы Ыбырай Жақаев ауылының тумасы. 1977 жылы ҚазҰУ-ды, 1990 жылы Мәскеудегі Әдебиет инcтитутын бітірген. Алғашында «Лениншіл жас», кейін басқа да газеттерде тілші, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. Қазақстан баспасының бас редакторы қызметін атқарған. Қазір Алматы Халықаралық мамандықтар институтында оқытушы. Мемлекеттік «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Қайың сапты кетпен», «Жүрдек поезд», «Каникулды күткен қыз», «Жігіттің Көктөбесі», «Қанаты күйген қызғыш құс», «Сотталған домбыра», «Тұңғиық», «Тіршілік планетасының тентектері» атты прозалық кітаптардың авторы. Шығармалары араб, орыс, неміс тілдеріне аударылған.
Қаламгердің әңгімелерінен тәуелсіздік тұсындағы ұлтжанды кейіпкерлердің жаңаша мінез-кұлқын, жаңа қоғамға тән іс-әрекетін көруге болады.
Биыл қазақ өлеңінің биігі, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Мерейтой деп әлемге жар салып жатырмыз. Бірақ бұл заманның да Абайды танымайтын кейіпкерлері бар екен. Бұл жөнінде жазушы Қуандық Түменбайдың «Өмір ғой» әңгімесінен оқып білейік, сарапқа салайық.