Жазушының жүгі қашанда ауыр. Әсіресе балалар тақырыбына жазу – қиынның қиыны. Дегенмен осы тақырыпта еркін қалам сілтеп, артына өлмес мұра қалдырған бірден бір жазушы – Бердібек Соқпақбаев. Есімі ерек жазушыны балалар әдебиетінің атасы деп атайды. Мұның бір дәлелі – қалың оқырманның сүйікті шығармасына айналып кеткен «Менің атым – Қожа» повесі. Балалық шаққа саяхат жасар қызықты туынды жайлы әңгімемізді хабарымыздың келесі санынан тамашалай аласыздар!
Өзіндік үнімен, суреткерлік қолтаңбасымен сөз өнерінде өз орнын иемдеген жазушы кім дегенде қазақ балалар әдебиетінің классигі – Бердібек Соқпақбаев. Жазушы қаламынан туған түрлі жанрдағы шығармалар қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлесін қосты. Шығармашылық жолы өлең жазумен басталғанымен қаламгердің суреткерлік қарымы прозада танылды. Ол адам мінезінің қайталанбас психологиялық өсуі мен өзгеруін, характерлер дамуын барынша қайшылықта көрсете білді.