Ескіні ескеру. Осыны қаперге алған жас дизайнер Анар Сейітжан көне кілемдерді жинаумен әуестенеді. Ескінің көзін коллекцияға топтастыру идеясы тарихшы-этнограф Лев Гумилевтің атақты «Хазария» туындысын оқып шыққаннан кейін келген. Осылайша автор карантин кезеңін өз пайдасына асырған. Жиналған жәдігерлерін Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Бастау» деген тақырыппен көрмеге шығарды.
Анар Сейітжан, дизайнер, көрме авторы:
- Мен пандемия кезінде, бізді алғашқы локдаунға жапқан кезде осы тақырып төңірегінде іздене бастадым. Бірнеше кілемді көріп, ең алғашқысын сатып алуға бел будым. Оны Қызылорда облысынан таптым. Барлығы сол кілемнен басталды. Ол маған өмірімдегі ең әдемі, ең ескі кілем болды. Міне, осылай коллекциямның алғашқы жәдігері пайда болды. Бір қызығы, бұл кілемдердің барлығын тоқып, тіккен адамдардың өз қолдарынан немесе балалары, немерелерінен сатып алдым. Меніңше бұл қолөнер туындылары құнды отбасылық дүние болып табылады.
Қазір дизайнердің қоржынында республиканың әр өңірінен, сондай-ақ Батыс Моңғолиядағы қандастардан жинап алып келген 18 көне кілем бар. Соның 15-і Қостанайдағы көрмеге қойылды. Коллекциядағы ең көне жәдігер өткен ғасырдың 40-шы жылдарына жатады.
Сая Калинова, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бейнелеу өнері бөілімі кафедрасының меңгерушісі:
- Көрме Наурыз мейрамынан бастап ашылды. Алғашқы күннен бастап келушілердің аяғы үзілген емес. Себебі бұл – өте өзекті тақырыпқа арналған көрме және өзектілігінің жоғалмайтыны хақ. Көрермендер тарапынан өткенге, тек қазақ ұлтының ғана емес, өзге де ұлттардың тарихына деген қызығушылық бар. Себебі біздің ел – көпұлтты мемлекет. Сондықтан өзге ұлт өкілдерінің тарапынан да қызығушылық бар. Менің ойымша, көрме өз ерекшелігімен дара.
Қостанайдан бастау алған көрме өз жалғасын еліміздің әр өңірінен таппақ.
Авторы: Ақзер Сегізбай