Мемлекет басшысы World Boxing президенті Геннадий Головкинді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев оны халықаралық федерацияның басшысы болып сайлануымен құттықтады. Бұл шешімді даңқты спортшының әлемдік боксты дамытуға қосқан үлесінің, кәсібилігі мен мінсіз абырой-беделінің мойындалғаны деп бағалады. Президент танымал спортшының жаңа қызметте көптеген мәселенің шешімін табуы қажет екенін айтты. Сондай-ақ, Ұлттық олимпиада комитетіндегі жұмысына жоғары баға берді. Мемлекет басшысы отандық спортты дамытуға сіңірген елеулі еңбегі үшін Геннадий Головкинді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сіз әлемдік спорттың дамуына зор үлес қостыңыз. Қазақ бокс мектебінің бай дәстүрін лайықты деңгейде танытып, дүние жүзінің елімізді бокс державасы ретінде мойындауына ықпал еттіңіз. Бүгінде спорттық мансабыңыздағы жаңа кезеңге аяқ бастыңыз. World Boxing федерациясының президенті болып сайландыңыз. Сондай-ақ, Сіздің жаһандық деңгейдегі спорттық құрылымды басқарып отырған алғашқы қазақстандық екеніңізді айта кету керек. Кәсіби біліктілігіңіз ұйымды жаңа белеске көтеріп, бокс көкжиегін кеңейтетініне сенімдімін.
Геннадий Головкин, World Boxing Халықаралық федерациясының президенті, ҚР ҰОК президенті:
- I дәрежелі «Барыс» жоғары марапатын алу мен үшін үлкен құрмет. Сізге бірінші
кезекте сенім артып, қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтқым келеді.

