OutdoorKZ командасы Күнгей Алатауына қарай аттанды. Ол – Солтүстік Тянь-Шаньның қойнауындағы жолы қиын, әрі ең әдемі жерлердің бірі. Қорқып-үркуді білмейтін жабайы аңдар әлемін аралап, жағасында айтылған тілек қабыл болатын көлді көреміз.
Мәжі көлі – Үлкен Өрікті өзенінің жоғарғы жағында жатыр. Ал өзеннің өзі – Күнгей жотасының негізгі су айрығында орналасқан Шоң Өрікті мұздығынан бастау алады. Көл 1911 жылғы Күнгей Алатауында әртүрлі көшкіндердің жүруіне себепші болған, қатты тектоникалық сілкіністің нәтижесінде пайда болды. Солтүстік Тянь-Шань – сейсмикалық жағынан белсенді аудан, оның қазіргі келбеті тау жыныстарының жер астындағы қозғалысының әсерімен қалыптасты.