Бұл шығарылымда OutdoorKZ командасы Ақтөбе және Маңғыстау облыстарына барып, ақбөкендердің ішіндегі саны ең аз түрі – үстірт ақбөкенін көру үшін, сарапшылар тобымен бірге мың шақырым жол жүреді.
Орыс тілінде «чинк» деген сөз бар, ол түркілердің «шың-құз» сөзінен шыққан. Бұл термин география ғылымына Үстірттің құлама жартастарына ерекше географиялық түсінік беру ниетімен, сол жерлерді аралаған алғашқы саяхатшылардың жазбалары арқылы енді. Төрткіл үстірттер Африкада да, АҚШ-тың Қиыр батысындағы аридтік зонада да кездеседі, бірақ Үстірт құздарының геологиялық құрылымы, жаратылысы және сыртқы түрінің әлемдегі басқа жоталардан ерекшелігі сондай, ғалымдар оған жеке ат беруді жөн көрген.
Сол себепті Үстірт жотасы ғаламдық деңгейдегі бірегей туристік нысан десек, асыра айтқандық емес! Жер бетінде бұдан басқа мұндай кемерлі шың жоқ! Үстірттің ауданы екі жүз мың шаршы шақырымнан асады. Ол – әлемдегі халық ең аз қоныстанған жерлердің бірі.