Семейде ядролық жарылыстар болған полигон аумағының жартысы қауіпсіз. Бүгінде радиоэкологиялық зерттеудің кешенді жоспарына сәйкес, 18 мыңнан астам шаршы метр жер тексерілді. Бұрын ядролық сынақ алаңы болған аумақты 13 жыл бойы 2 мыңнан астам маман зерттеген. Озық құрылғылар әрі зертханалармен жабдықталған әдістемелік база ғалымдардың қолын ұзартты.
Асан Айдарханов, Радиациялық қауіпсіздік және экология институты филиалының директоры:
- Бізге оңай болған жоқ. Алғашқыда қандай да бір зерттеу әдісіне сүйене алмадық. Кейін өзіміз ғылыми негіздер жазып, нәтижесінде полигон аумағы толық ластанбағанын дәлелдеп шықтық. Алаңның жартысы радиоактивті заттармен уланбаған, яғни шаруашылыққа қолдануға жарамды.
Сондай-ақ ядролық полигонның 9 мыңнан астам шаршы метр аумағы ластанған.
Асан Айдарханов, Радиациялық қауіпсіздік және экология институты филиалының директоры:
- Шаған өзені мөлшерден тыс ластанған. Су көзі атом көлінен бастау алады.
Алда атқарылар жұмыс көп. Полигон аумағын тұрақты бақылауға алу мен залалсыз жерлерін қолданысқа беру бағытында жұмыстар жалғаса бермек. Былтыр «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінде талқыға түскені белгілі. Құжат Семей полигоны жерлерін пайдалану, оның аумағын оңалту және елдің ғылыми әлеуетін дамыту мәселесінде бақылауды күшейтуге бағытталған.