Үкімет су тасқыны болған өңірлердегі инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша 22.7 млрд теңге бөлді. Бұл туралы Үкімет басшысы тасқын салдарын жоюға арналған арнайы кеңес отырысында мәлімдеді. Қаражат жергілікті жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға бағытталады.
Атап айтсақ, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында бүлінген тас жолдар қалпына келтіріледі. Сонымен қатар, зардап шеккен өңірлердегі мектептерді жөндеу үшін 7,5 млрд теңге бөлінеді. Аталған жұмысты жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы жылыту мерзімі басталмай тұрып, жарамсыз деп танылған үйлердің құрылысын және жөндеуге жарамды үйлерді реконструкциялау жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды. Премьер-Министр, қажетті құрылыс материалдарымен барлық облыс қамтылғанын айтып, жағдайды өз бақылауында ұстайтынын қатаң ескертті.