«Ұлы дала
дүбірі». Келер жылы Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осындай
ұранмен өтеді. Елордада айтулы доданың
ресми логотипі таныстырылды. Онда көшпелі халықтардың дүниетанымынан алынған
күн басты салт атты адам бейнеленген. Сондай-ақ дала тартыстарының
спорттық-мәдени бағдарламасы жарияланды. Әлемдік аламанға 100-ден астам елден 4
мыңға жуық спортшы жиналады деп күтілуде. Бүгінде 70-тен аса ел өкілдері ниет
білдірген. Жарысқа қатысушылар Ұлттық және халық ойындарының 20 түрінен сынға
түседі. Бұған қоса көшпенділер өркениетінен сыр шертетін түрлі танымдық мәдени,
ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Осы ауқымды әрі қызықты ойындардың куәсі
болуға елордаға 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.
Ермек Маржықпаев,
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитеті төрағасының
орынбасары:
- Осы мүмкіндікті
пайдалана отырып этникалық дәстүрлі спорт идеясына жақын барлық елдерді
Астанада өтетін көшпенділер ойнындарына қатысуға шақырамын. Келесі жылдың қыркүйек айында елордаға
келетін барлық спортшылар, ресми тұлғалар мен туристер үшін біз жайлы әрі
қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ететін боламыз. Бесінші Дүниежүзілік ойындары
нағыз спорт мерекесіне айналатынына сенімдіміз.