Алматы облысында «Арқарлы» петроглифтерін құжаттандыру жұмыстары басталды. Үш мың жылдық тарихы бар ескерткіштер 2017 жылы табылған. Суреттерді зерттеумен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары айналысып жатыр. Әзірге мамандар «Арқарлы» петроглифтерінің 10 жерде шоғырланғанын анықтады. Онда бір жарым мыңға жуық петроглиф табылған. Қыркүйек айында құжаттандыру жұмыстары толығымен аяқталған соң, археологиялық кешен аумағы қоршалып, толығымен мемлекет қорғауына өтеді. Ал болашақта бұл жер ашық аспан астындағы мұражайға айналуы мүмкін.
Мәрлен Көлбаев, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
– Біз барлық петроглифті тамыз айының соңына дейін анықтап, құжаттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Археология институты бізге барлық қорған мен петроглиф орналасқан жерінің картасын береді. Олар Кербұлақ ауаданының жер бөлімі базасына енгізіледі.