Бұл сазсырнай ұлар құстың үнін айнытпай салады. Мұны Қарағанды облысының шебері жасап шыққан. Азамат Бақияның жеке қорында 700-ден астам сазсырнай бар. Оның біразын әлемнің әр қиырынан жинаса, көпшілігін өз қолымен жасаған. Жас шебердің айтуынша, бір құралды жасау көп уақытты қажет етпеседе оны күйдіру және кептіру үшін бір апта кетеді.
Азамат Бақия, шебер:
- Құстың дауысын тауда қайта жаңғыртып, естірту үшін осындай аспап жасап, оның 10 түрін тауға іліп кеткен болатынмын жасырып. Тауып алған кісілер өзіне әрі естелік, әрі ермек қылып алып қалса, және әрбір жерден дауысын ойнап жатса ұлардың үні өшпес еді.
Музыканттың коллекциясында сыбызғы, домбыра, қобыз секілді мыңнан астам аспап бар. Шебердің соңғы жетістігі – жетілдірілген ортеке. Бұл – домбырашының саусақтарына байланатын арқар түріндегі қуыршақ құрылғы. Музыкант ішекті тартып, жануарды қозғалысқа келтіреді.
Азамат Бақияның мақсаты – қазақтың көне ұлттық музыкалық аспаптарын жаңғырту, оның ішінде ұмыт болған аспаптарды қатарға қосу.
Азамат Бақия, шебер:
- Қазақтың барлық аспаптарын қайта жаңғырту деген мақсат қойып, сол жолда жұмыс істеп келе жатырмын. Бұл енді сақтап қалу және оны әрі қарай дәріптеу мақсатында жиналған дүние.