Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова Парламенттің бірлескен отырысында өтініштердің сипатына тоқталды. Оның дерегінше, алғашқы 5 айдың ішінде келіп түскен шағымдардың жартысына жуығы сот үкімдерімен келіспеуден туындаған. Жаңадан құрылған конституциялық бақылау орнанына азаматтар тұрғын үй және еңбек қатынастарына, әлеуметтік қорғауға, жазалардың орындалуына, ақпаратқа қол жеткізу, жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты да әділдік іздеп келген. Бар өтініштің төрттен бірінде, яғни, 26% заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің конституцияға сәйкестігін тексеруді сұраған. Эльвира Әзімова бұл ретте мемлекеттік органдар қабылдаған 18 нормативтік қаулының бесеуі конституцияға сай емес деп танылып, үкіметке олқылықты түзеу үшін қажетті шаралар қабылдау ұсынылғанын жеткізді.
Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық сот төрағасы:
- Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен құқық қолдану практикасы өзектілік пен қажеттілік тұрғысынан заңнама мониторингісіне неғұрлым терең сыни көзқарас қажеттігін көрсетеді. Барабар құқықтық ден қою заңдылықты қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады. Осы тұрғыда Конституциялық Соттың бірқатар нормативтік қаулыларында ұсыныстар берілді. Мысалы, Әлеуметтік кодексті және Әкімшілік реформа мәселелері бойынша заңды қарау қорытындысы бойынша Үкімет белгіленген тұжырымдарды ескере отырып, Парламентке заң жобаларын ұсынуға тиіс.