Қазақстанның Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуге қосқан үлесі өлшеусіз. Бұған дәлел болатын тарихи құнды материалдар Мәскеудің орталығында өткен көрмеде көпшілікке ұсынылды.
Жеңіс күні және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрмеге Мәскеуді, Беларусьті, Польшаны азат етуге және Берлинді алуға қатысқан қазақ батырларының ерліктерінен сыр шертетін суреттер мен құжаттар қойылды. Мұнда соғыс жылдарындағы қазақстандық қыз-келіншектерге мен тыл еңбеккерлеріне бірнеше тақта арналған. Жалпы қойылымда екі жақты 16 стенд құрылған.
Айта кетейік, Ресейдегі Қазақстан елшілігі мұрындық болған көрме жұмысы 16 мамырға дейін жалғасады.
Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстанда соғыс жылындағы санақ бойынша 6,5 млн адам болған. Оның 1,2 млн-ы майданға аттанды. 600 мыңнан астамы соғыстан сол беті оралмады. Жауға қарсы атылған 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасыннан құйылды. Бұл – біздің мемлекеттер, халықтар үшін маңызды күн. Себебі бұл – болашақ ынтымақтастығымызды сақтауға және дамытуға негіз бола алатын оқиғалардың бірі.