Қазақ хандығы – Алтын Орданың тікелей мұрагері. Ұлттық музейде тамыры терең тартқан осынау бір тарихи сабақтастықты танытатын «Ұлық ұлыс» залы ашылды. Онда бұны растайтын этникалық, генетикалық, антропологиялық мәдени, әулеттік, фольклорлық және географиялық нақты ғылыми дәйектер келтірілген. Көрермен назарына шетел мұрағаттарынан табылған хандардың жазбаларының көшірмесі, мемлекеттің рәмізі болған туы, тарихи құнды құжаттар, Жошы ұрпақтарының шежіресі сынды жәдігерлер ұсынылып отыр. Алтын Орда жерінің басым бөлігі қазіргі Қазақстан аумағына мирас болғаны, ал қазақтың барлық ханы Шыңғыс хан әулетінің Орыс хан тармағына жататыны белгілі. Тарихшылардың деректерінде Арғын, Керей, Қыпшақ сынды қазіргі қазақ руларының 23-ке жуығы сол замандағы Жошы ұлысына тіреу болғандығы жазылған.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Тәуелсіз мемлекет болып осы Алтын Орданың, Ұлық ұлыстың, Жошы ұлысының тарихи мұрагері болып отырмыз. Оны біздікі ғана деп бөліп жатқан жоқпыз. Бұл – біздің жалпы тарихымыз. Сондықтан міне, қарашаңырақ Жошы ұлысы Ұлытау, Сарайшық әрі қарай қырым татарлары, Қазан татарлары, ноғайлар бәрін осы жерде көріп, біріктіруші зал болсын деген – біздің ниет. Бұл енді алғашқы бастама, үлкен жұмыс әлі жалғасуы керек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов