Қазақстан әлемдік ғарыш державаларының қатарына кіруі мүмкін. Бұған осы бағытта алпауыт елдер мүшелік ететін клубқа жол ашатын «Бәйтерек» жобасы өз септігін тигізеді. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Российская газета» басылымында жарияланған мақаласында осылай деп мәлімдеді. Қос тараптың ынтымақтастығына тоқталған ол екі елдің бірлескен стратегиялық жобаларының маңызы айрықша екенін айтады.
Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:
- Жер маңындағы кеңістікті игеру саласында «Бәйтерек» ұлттық ғарыш бағдарламасын құру туралы сөз қозғалып отыр. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан орта кластағы «Союз-5» ресейлік перспективалы зымыран тасымалдағышы ұшырылады. Осы бағыттағы жұмыстар республикада экономика мен әлеуметтік сала үшін ілеспе кумулятивті ықпалы бар ғылымды қажет ететін жаңа кластерлер пайда болуына әсер етеді.
Еске сала кетсек, 2018 жылы Қазақстан мен Ресей арасында Байқоңырда «Бәйтерек» кешенін құру жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылған болатын. Құжат жоба аясында «Зенит-М» кешенінің жерүсті ғарыш инфрақұрылымы нысандарын жалға алудан босатуды және жаңғырту жүргізу үшін Қазақстанға беру бойынша тараптардың міндеттерін анықтайды.