Қазақстанның көркем Академиясының құрылғанына 15 жыл толды. Осыған орай Ұлттық мұражайда «Ұлы дала сазы» атты көрме ашылды. 150-ден астам көркемсурет, 30-ға тарта графикалық және сәулеттік туындылар. Көрмеге қазыналы қазақ өнерінің өткені мен бүгінін бейнелейтін қылқалам шеберлерінің үздік туындылары мен мүсіншілердің бірегей еңбектері қойылған. Қазақстанның көркем академиясы жергілікті және Орталық Азия, ТМД, Еуропа мен Америкада тұратын қандас өнер майталмандарын біріктіреді.
Қалиолла Ахметжан, Қазақстанның өнер академиясының академигі, ҚР суретшілер одағының мүшесі:
- Бұл бірлестік өз аясына түрлі жанырдағы көркем өнер шеберлерін жиып отыр. Құрамына суретшілерден басқ, сәулетшілер, археологтар мен жазушылар да кіреді. Көркем Академияның қоғамдық қоры мәдениеттің барлық салаларын толық қамтиды десем артық айтпаспын. Басты мақсат қазақ мәдениетін жаңғыртып, одан әрі дамытып жүрген өз ісінің хас шеберлерін бір арнаға тоғыстырып, игі істерінің өркендеуіне барынша қолдау көрсету.
Отандық бірлестіктің ұзақ жылғы еңбегі сараланған шараға көрші елдердің суретшілері де ортақтасты. Елімізге төл туындыларын арқалап келген Андрей Блиок Ресей көркем Академиясының атынан жергілікті әріптестеріне арнайы марапаттарды табыс етті.
Андрей Блиок, Ресей көркем академиясының мүшесі:
- Бұл көрмеге 2016 жылы салынған екі жұмысымды ұсындым. Оның бірі Астананың керемет көрінісі бейнеленген «Даладағы ғажайып» деп аталады. Ал келесі туындымда Хазірет Сұлтан мешітінің интерьері графикалық үлгіде көрініс тапқан. Араға жеті жыл салып осы қос еңбекті астаналықтар мен қала қонақтарына қайта ұсынудың сәті туғанына қуаныштымын. Көркем Академияға 15 жыл толды. Осы уақытқа дейін бірлестік өзін бірлігі жарасқан ұйым ретінде таныллды. Бірлескен жобаларымыз көп. Арамыз ажырап көрмеді. Бір жанұядай болып кеттік.
Көрме бір ай бойы жалғасады. Келушілер Қазақстанның бейнелеу өнері тарихынан сыр шертетін көркемсурет, графика, мүсін, сәулет және сәндік-қолданбалы өнер туындылары мен композициялық сюжеттерді тамашалай алады.