Қазақстанның Ұлттық музейі құнды тарихи жәдігермен толықты. Парламент Мәжілісінің депутаттары Ардақ Назаров пен Айдарбек Қожаназаров қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлының қылышын мұражай қорына табыстады. Төл тарихымыздан сыр шертетін ұлттық жауынгерлік қару Ресей аумағынан табылған. Олжаны ғалымдар саралап, оның батырға тиесілі екенін анықтаған. Қылыштың бір жағында «Созақ-1845 жыл», ал оның келесі тұсында «Жанқожа Нұрмахамедұлына бізден сый» деген төте жазумен таңба салынған.
Ардақ Назаров, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты:
- Ғалымдардың айтуы бойынша сол Созақта 1845 жылы Кене хан бастаған біздің батырларымыз бен хандарымыз созақтықтарды қоқандықтардан босатқан кезде Кенесары хан оны Жанқожа батырға сыйлады деген тарихта сөздер бар. Жанқожа Нұрмахамедұлы 1774 жылы өмірге келіп, 1860 жылы өмірден озды. 17 жасынан бастап атқа мініп, елді қорғау үстінде болды. 86 жасында шайқастың үстінде қаза тапты.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты:
- Қазақ құл болмасын деп осы қылышымен Хиуа хандығына, Қоқан хандығына қарсы
бірқатар қозғалыстар көтерген. Мен өзім де Сырдария бойында туып өскен адам
болғаннан кейін Жанқожа батырдың Сырдария бойында бірқатар шайқастарға
қатысқаны білемін. Мысалы Жаңақорған қаласын сол кезеңдерде Қоқан хандығынан
босатып үлкен жетістікке жеткен.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

