Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына ерекше тарту. Ұлттық мұражайға Ұлы дала қойнауынан табылған сегізінші Алтын адамның жаңғыртылған сұлбасы қойылды. Құнды қазына рухани азық мекенінің атына сай «Алтын залының» төрінен, өзге замандастарының қатарынан лайықты орнын тапты.
Бұл біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға жататын сармат көсемі. Осыдан 2 жыл бұрын Ақтөбе облысының Тасқопа қорымынан шыққан жәдігерлерді зерттей келе ғалымдар оның беделді тұлға болғанын анықтаған. Сол сәттен мамандар бойы 185 сантиметр, жасы 50 шамасындағы тарихи тұлғаның бейнесін қалпына келтіруге кірісіп кетіпті. Ғылыми реконструкция барысында оның түпнұсқалы киімі, қару-жарағы және 4 мыңға жуық алтын әшекей бұйымның дәл көшірмесі алынған. Іргелі іске жұмылған топ мүшелері жауынгердің бет-әлпетін көне дәуір адамының сұлбасына барынша ұқсатып, шынайы жасауға баса мән бергендерін айтады.
Болат Атыраубаев, суретші-реставратор:
- Бізде басқаларына ұқсамауы керек деген мақсат болды. Ерекше болу керек. Өйткені ол – тарихта қалатын нәрсе. Сондықтан біз көптеген эскиздік жоба ойластырып, осы қалпына тоқталдық. Үлкен бір шайқастан келіп демалып отырғаны секілді тасқа отырғыздық. Қолында қылышы, қамшысы бар. Сол ұлы тұлғаны, образды көрсетуге тырыстық. Енді ойдағыдай шықты деп ойлаймын. Көбісі келгенде тірі адамды отырғызып қойған ба деп жатыр. Өйткені көзін, талшығын келтіру оңай емес. Біз әрбірін қолмен, инемен келтіріп отырдық.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов