Сауда-экономикалық өзара іс-қимыл, энергетика, ауыл шаруашылығы және «жасыл» экономика саласындағы серіктестік. Қазақстан мен ЕО осы салалардағы ынтымақтастықты әрі қарай жалғастырмақ. Сондай-ақ Брюссельде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға оң баға берілді. Бұл жөнінде Еурокомиссия және Еуропалық кеңес өкілдерімен өткен екі күндік келіссөздер нәтижесінде белгілі болды. Тараптар ЕО-ның көрші Ресейге салған санкцияларының республикаға ықтимал әсері туралы сөз етті. Брюссель Қазақстанның алаңдаушылығын толық түсінетінін айтып, бұл мәселеде барынша қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Ержан Қазыханов, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:
- Қазақстан ЕО-ның көптеген еліне мұнайдың үлкен көлемін жеткізіп отыр. Әсіресе біздің көпвекторлы мұнай құбыры стратегиясы саясатының контекстінде Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту мәселесін талқылау біз үшін өте маңызды екенін атап өткім келеді. Қазақстан теңізге шыға алмайтын ірі мемлекет болғандықтан, транзиттік көршілеріне тәуелді. Біз өзге мемлекетке тәуелділікті азайтып, халықаралық нарыққа барынша көбірек қол жеткізгіміз келеді. Мәселен, «орта дәліз» деп аталатын Транскаспий бағыты туралы айтуға болады. Өздеріңіз білетіндей, еліміз Иран, Қытай бағытын пайдаланады. Сондай-ақ бұрынғыдай солтүстік бағытты да пайдалана алады деп сенеміз.