Қазақстанда отандық өнімнің үздіксіз экспортын қамтамасыз етіп, транзиттік әлеуеттің артуына ықпал жасайтын жаңа ірі теміржол жобасы жүзеге асады. «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы асясында Қарағанды облысында «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды. Жалпы ұзындығы 836 шақырымды құрайтын жаңа теміржол желісін іске қосу жоспарланған. Құрылыс барысында жүзге тарта көпір, үш жүзге жуық су жүргізу құбыры, ондаған автожол өткелі мен энергетика және байланыс нысандарын салу көзделіп отыр. Жоба 2025-ші жылдың 4-тоқсанында толық аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс.
Қанат Әлмағамбетов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Біз бастаған құрылыс жұмыстарының нәтижесінде Қытай бағытына және аспан асты елінен Еуропаға тасымалданатын жүк транзитінің көлемі артта түсетініне сенімдіміз. Бір жағынан бұл жоба еліміздің темір жол инфрақұрылымын жаңғыртуға сеп болатынына күмән жоқ. Құрылыс жұмыстарын іске асыру кезінде қазақстанның үлесі 85% құрайтыны үлкен жетістік деп ойлаймын. Құрылысқа тек қазақстандық мамандар тартылады.
Құрылысты бастау рәсіміне телекөпір режимінде Премьер Министр Әлихан Смайылов қатысты. Үкімет басшысының дерегінше соңғы 5 жылда елімізде транзитпен контейнер тасымалдау көлемі 4,4 есе артты. Биылғы 10 айда экспорттағы жүк айналымы 74 миллиард тонна-километрден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11% жоғары.
Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:
- Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылады және еліміздегі көлік инфроқұрылымын дамытуға үлкен серпін береді. Бұл жоба осы бағытта өткізу мүмкіндігін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді және экспорттық тасымал мәселесін толық шешетін болады. Жобаны іске асырудың жиынтық тиімділігі 20 жыл ішінде бюджет түсімдерін 4,1 триллион теңгеге қосымша ұлғайтуға мүмкіндік береді.