Қазақстанда белсенді түрде спорттық инфроқұрылымды жаңғырту ісі қолға алынды. Мәселен биыл Алматы өңірінде олимпиадалық дайындық базасының құрылысы аяқталады. Кешенде жыл 12 ай олимпиадалық спорттың 23 түрімен бір уақытта 2 мыңнан астам атлет жаттыға алады. Бұл жайында Туризм және спорт министрі мәлімдеді. Бұл ретте Ермек Маржықпаев келер жылы Парижде жазғы олимпиада ойындары өтетінін атап өтті. Қазір ұлттық құрама төрткүл дүние тартыстарына қызу қамданып жатқанын жеткізді.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Еліміздің Ұлттық құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінде әзірге біздің спортшылар 8 спорт түрінен 17 жолдама ұтты. Уақыт жеткілікті. Бұл бағытта белсенді жұмыс жасаймыз. Алда 90 астам лицензиялық жарыс өтеді. Сондықтан жолдама санын ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар.
Қазақстанда 113 спорттық нысан іске қосылады
Сондай-ақ, министр елордада Ұлттық спорт университеті салынып жатқанын тілге тиек етті. Жобаны 2025-ші жылы іске қосу жоспарланған. Жалпы еліміз бойынша алдағы екі жылда 113 жаңа спорттық нысан халық игілігіне беріледі. Бұған қоса, тек келер жылы 100 тез жиналатын модульдік спорт ғимараты бой түзейді. Мақсат - 2029 жылға қарай салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен жүйелі түрде айналысатын қазақстандықтардың үлесін 50% жеткізу.