Қазіргі уақытта ел аумағында шет мемлекеттердің әскері жоқ. ҰҚШҰ-ның Қазақстандағы бітімгершілік миссиясы аяқталып, әскери жасақ ел аумағынан толық шығарылды. Соңғы жеке құрам мен техника Алматы әуежайынан ұшып кетті. Бұл жөнінде ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы Олжас Құсайынов арнайы брифинг барысында мәлім етті.
Еске салайық, елдегі өткен жаппай тәртіпсіздік кезінде арнайы шақыртылған бітімгершілік күштер әуежайлар мен әскери қоймаларды және азаматтардың өмірі үшін маңызды басқа да стратегиялық нысандарды күзетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін абыроймен атқарып шықты.
Олжас Құсайынов, ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы:
- Бұл шаралар терроризмге қарсы операцияларды тікелей жүргізу үшін күштер мен құралдардың едәуір бөлігін босатуға мүмкіндік беріп, террористік белсенділіктің тұтастай төмендетуіне ықпал етті. Қазақстанда ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуетін өрістету дер кезінде болды. Іс жүзінде ведомствоаралық және мемлекетаралық өзара іс-қимыл және ұйым ішіндегі үйлестіру тетіктері пысықталды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов