Елімізде зейнетақы және жәрдемақылар толық және уақтылы төленуде. Бұл жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі арнайы брифинг барысында мәлімдеді. Серік Шәпкеновтың дерегінше, қазір 174 млрд теңге алушылардың есепшоттарына аударылды. Сондай-ақ министр елдегі төтенше жағдайға және интернеттің сапасыз қызмет жасауына байланысты әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарды тапсыру мерзімі ұзартылғанын хабарлады. Яғни төртінші тоқсандағы атаулы әлеуметтік төлемдер биылдың бірінші тоқсанына автоматты түрде созылады. Ол үшін ел азаматтарына мемлекеттік органдарға бару қажет емес. Бұл ақпараттық жүйелерді салалық министрлік өзі реттейді.
Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Министрлік тарапынан көрсетілетін қызметтердің қатарында мүмкіндігі шектеулі жандарды қайта тексеруден өткізу де бар. Қазіргі шындыққа байланысты қайта тексеру елдегі төтенше жағдай аяқталғанға дейін жалғасады. Демек бұл азаматтарға мемлекеттік органдарға хабарласудың қажеті жоқ, бәрі автоматты түрде іске асады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов