Үкіметте сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды

Үкіметте сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды

Қазақстан мен Қытай 45 бірлескен жобаны жүзеге асыруда. Олардың инвестиция көлемі – 14,5 млрд доллардан асады. Осы жылдың 2 айында елдер арасындағы контейнерлік тасымал көлемі шамамен 3 есеге өсті. Қос тараптың сауда-экономикалық ынтымақтастығын арттыру перспективаларын министрлер кабинетінің басшысы Қытайдың біздің елдегі Елшісімен талқылады.

Олжас Бектенов пен Чжан Сяо екі мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын тілге тиек етті. Оның ішінде инвестициялық, транзиттік-көліктік ынтымақтастық, сондай-ақ мәдени және өңіраралық өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды. Сонымен қатар білім және ғылым, технологиялар трансфері саласындағы әріптестікті нығайтуға баса назар аударылды.

Премьер-Министр Қазақстан мен аспан асты елі арасындағы сауда-экономикалық әріптестік жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған еліміздің аумағында жұмыс істейтін 3000 бірлескен компания дәлел. Өз кезегінде Қытай Халық республикасының  еліміздегі дипломатиялық өкілдігінің басшысы мемлекеттердің  стратегиялық әріптестігін дамыту серпіні жоғары екенін растады.

Чжан Сяо, ҚХР Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Бүгінгі таңда барлық бағыт бойынша екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсы дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарлары екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге және дамытуға зор серпін берді. Біз Қазақстан Президенті жариялаған ауқымды экономикалық өзгерістер бағдарламасын жоғары бағалаймыз. 2029 жылға қарай Қазақстанның ЖІӨ-сін екі есеге ұлғайту жөніндегі биік мақсатқа қол жеткізуге әбден болады деп санаймыз.