Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық Банкі дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын іске асыруға кірісті. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлім етті. Жоспар елдегі инфляцияны бақылауда ұстап, валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Соның аясында теңгелік салымдарды қолдау бағдарламасы іске асырылады. Оған сәйкес, ұлттық валюталық депозиттер бойынша сыйлықақы қосу көзделген.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты халқымыздың алаңдаушылығы орынды. Қоғамда көптеген сауал бар. Сөзсіз, бұл жағдай біздің экономикамызға да әсер етпей қоймайтыны түсінікті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бірнеше күннен бері өздеріңізбен ақылдасып, тиісті шешімдер қабылдадық. Осылайша Үкімет пен Ұлттық Банк бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға кірісті.
Үкімет сондай-ақ аталмыш қаржы институты және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлескен жаңа шаралар кешенін қабылдады. Ол жұмыс орындарын құру мен кәсіпкерлікті дамытуға арналған шаралардан тұрады. Биыл «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын қаржыландыру, оның ішінде субсидиялау мен кредиттерге кепілдік беру ұлғайтылады. Бизнеске шамадан тыс әкімшілік жүктемені жою көзделіп отыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы импорттық тауарларды алмастырудың маңызы ерекше. Бұл орайда мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын өсіруге міндеттеме алады. Аргоөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр. Қосымша ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы кооперациялары мен отбасылық шаруашылықтарды дамытуға жағдай жасалады. Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жобалар басым түрде қолдауға ие болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов