Үкіметте қауырт маусымның алдын алуға бағытталған шаралар барысы талқыланды. Ерте қамданулары бекер емес. 13 өңірде топан су басу қаупі өте жоғары 255 елді мекен бар. Ондағы 127 мыңнан астам үйде 700 мыңнан астам адам тұрады. Қазірдің өзінде қауіпті аймақтар мен өзге де өңірлерде гидро нысандар қалпына келтіріліп, су бұру арналары және құбырлардың саңлаулары қардан тазартылып жатыр. Табиғи апаттың алдын алу қамында 35 мың адам, 11 мыңға жуық техника, 12 әуе құтқару кемесі, 700-ден астам жүзу құралы және 3 мыңнан астам мотопомпа бар күштер сақадай сай отыр. Қауіпті аймақтар тізбесіне енген жерлерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Апат болған жағдайда адамдарды көшіру және орналастыруға пойыз бен оның вагондарын пайдалану көзделген.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Тастар, рельс пакеттерімен және кондициялық емес темірбетон шпалдары бар 45 тасқынға қарсы пойыз құрылуда. 1 713 локомотив, 61 мың адамды қауіпсіз жерге шығаруға болатын 1 603 вагон дайындалды. Сондай-ақ арнайы техникасы бар 84 қалпына келтіру және өрт сөндіру пойыздары тұрақты дайындықта. Қазіргі уақытта жол қашықтығы бойынша 2,4 мың текше метр тастар мен 8 мың кондициялық емес темірбетон шпалдары әзірленді.