Түркістан облысында жұмысшы мамандықтар шеруі өтті

Түркістан облысында жұмысшы мамандықтар шеруі өтті

Түркістанда жұмысшы мамандықтар жәрменкесі өтті. Оқушыларға қарапайым кәсіптердің тиімділігін арттыру бағытында әзірленген жобалар таныстырылды. Ұйымдастырушылар осылайша болашақта қандай маман иесі боларын әлі таңдап үлгермеген жас ұрпақтың еңбек етуге деген қызығушылығын оятуды көздеген. Мұнда өңірдің 30 ірі кәсіпорны 2 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Кәсіптік білім беру ұйымдары өз кезегінде нарық талаптарына қалай бейімделу керектігі туралы айтты. Жақында өңір колледждерінде агрохимия, ақпараттық қауіпсіздік, эскалаторлар өндірісі, ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы сынды бағыттарда 11 жаңа мамандық түрін меңгеруге болады. Мәселен өңірдегі оқу ошағының бірінде дрондар құрастырылады. Ондағы жас инженерлер оларды бағдарламалық қамтамасыз етумен айналысады.


Гайрат Останов, Колледждің бағдарламашысы:


- Әр түрлі түрлерін нөлден бастап жинап, дизайнды, расчетті, бәрін шығарып, болашақта инженерлерге үлкен көмек береді. Қазір дрондар бүкіл дүние жүзінде, әлемде танымал болып жатыр. Сол себепті «Түркістан болашақ» колледжі осы бағытты алып, шығаруды дұрыс көріп отырмыз.


Жалпы қазір Түркістан өлкесінде 50 шақты колледжде 45 мыңнан астам студент оқиды. 16 мыңы жұмысшы мамандықтарды игеріп жатыр. Жыл басында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген. Нәтижесінде тек биыл 130 мың адам екі қолға бір күрек табады деп күтілуде. Оның ішінде 75 мыңға жуығы жұмысшы мамандықтарға тартылмақ.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?