Отандық генетиктер қазақ ұлтының этникалық тарихын қалыптастыру ісін қолға алды. Ата текті ғылыми негізде жасау жобасының жетекшісі – Мақсат Жабағин. Ол осымен бірнеше жыл бойы елордада заманауи жабдықталған зертхананы басқарады. Дәл осы жерде биоинженерлер қазақ халқының генетикалық кодымен байланысты ақтаңдақ беттерді ашып, ұлтық шежірені түгендеуге қатысты зерттеулер жүргізеді.
Әсия Тайжанова, Ұлттық биотехнология орталығының адамның популяциялық генетикасы зертханасының ғылыми қызметкері:
- Менің негізгі жұмысым бізге келген биоматериалды яғни қанды зерттеп ДНК-сын анықтау. Кейін оны әрі қарай сараптамаға жіберемін. Қазір біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен түрлі ру өкілдерінің қанын жинау жұмысын белсенді түрде жүргізіп жатырмыз. Біздің зерттеу жұмыстарымыз Y хромосомаларының негізінде адамдардың генетикалық шығу тегін анықтау үшін жасалады.
Айта кетейік, Ү хромосомалық ДНК сараптамасы арқылы адамның қазақ халқының белгілі бір руына жататынын дөп басып айтумен қатар, оның ата тегінің ұлы дала шежіресіндегі алған орнын анықтауға болады. Яғни кімнен тараған ұрпақ және атасының қоғамдағы рөлін білуге мүмкіндік береді. Бұл тек қана зертханада жүргізілетін сараптамалық жұмыстар емес. Тарихы терең тартқан көне құпиялардың сырын ашу үшін ұлы даланың қазыналы жерлерін аралап, ғылыми экспедициялар жасау қажет. Бұл да тек ел шекарасымен шектелмейді. Ғалымдар қазақ халқы тараған әлем елдерін кезіп түрлі материалдар жинайды.
Мақсат Жабағин, PhD, Ұлттық биотехнология орталығының адамның популяциялық генетикасы зертханасының жетекшісі:
- Биыл Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан мен Орталық Қазақстан өңірлерін тегістей аралап шықтық. Шығыс Қазақстан жерлері толық қамтылмады. Монғолия еліне экспедицияға шығуды жоспарлаған едік. Пандемияның салдарынан ойымызды жүзеге асыра алмай отырмыз. Шекара жабық. Сондықтан Монғолия еліне биыл жоспарланған ғылыми экспедицияны келесі жылға дейін шегеруге тура келді.
Қазақ халқының ғылыми тұрғыда шежіресін құру ісіне генетиктермен бірге отандық тарихшылар жұмыла кіріскен. Сондағы мақсат нақты ғылыми деректерге сай ел жылнамасын қалыптастыру.
Жақсылық Сәбитов, тарихшы:
- Біз жаңадан ашылған барлық ғылыми жаңалықтарды ағылшын тілді жетекші басылымдарда жариялаймыз. 2021 жылдың 5-ші қаңтарында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа академиялық тарихын жазуды тапсырған болатын. Жаңадан құрылатын еліміздің академиялық тарихы жобасындағы бір бөлік қазақ халқының этногенезін қалыптастыруға арналады. Біз білетіндей Қазақстанның академиялық тарихы мектептердегі оқу жүйесін құрудың мемлекеттік стандарты болып келеді. Жаңа оқу бағдарламасының негізіне айналады. Сондықтан осы ұжымдық еңбектің нәтижесі мектеп оқулықтарына кіретін болады.
Қазақстандық генетиктер үстіміздегі жыл соңында Керей руына қатысты зерттеу нәтижелерімен бөлісетін болады. Бірегей деректер жетекші шетел басылымдарында жарияланбақ. Ол үшін ғалымдар елді аралап аталмыш ру өкілдерінен 160 биоматериал жинаған. Сондай-ақ бұл маңызды іске көрші мемлекеттердің ғалымдары да тартылған.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов