Ғылыми экспедицияның Индонезиядағы сапары жалғасады. Сапар Ысқақ бастаған топ бабаларымыздың ізі қалған ежелгі қамалды тапты. Моңғол әскерінің кемесі тоқтаған Тубанға барды, сол кемелердің зәкірін көрді. Бабалар ізін іздеген ғылыми экспедиция 4 сағат пойызбен жол жүріп, Джокьякартадан Тровулан елді мекеніне жетті. Тровулан Индонезияда 1293-1520 жылдар аралығында өмір сүрген Маджапахит империясының астанасы болған. Сол патшалықтан қалған жәдігер, сол заманның куәсі – қызыл кірпішпен қаланған қақпа. 8 ғасыр өтсе де, қаз-қалпында тұрған бұл тарихи нысан Маджапахит астанасына кіретін негізгі қақпа саналған. Демек Құбылай хан әскерінің құрамында келген бабаларымыз ереуіл атпен дәл осы қақпа арқылы орталық қалаға кірген.