Хошимин-Куала-Лумпур-Джакарта-Джокьякарта. «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Джокьякартаға осындай әуе бағытымен келді. Бұл – Индонезияның Ява аралындағы қаласы. Елордамыз Нұр-Сұлтаннан 7 517 шақырым қашықта жатыр. Ұшақпен ұшсаңыз, жолдағы аялдамаларды есептемегенде, 10 сағат 30 минутта барасыз.
Оңтүстік Шығыс Азиядағы Ява аралына бабаларымыз қалай жеткен? Боробудур ғибадатханасындағы суреттер қай тарихты баян етеді? Құбылай ханның 20 мың қолы, олардың сәйгүліктері, қару-жарақтары тиелген кеменің көлемі қандай? Сұрақтардың жауабын осы шығарылымнан біле аласыз.
Құбылай хан Чампо мен Дайвьетті бағындырған соң, Ява, Суматра, Калимантанға жорық жоспарлайды.
Осы жорыққа қатысқан бабаларымыздан қандай із, естелік қалды? Джокьякартаға барғандағы мақсат – осы сауалға жауап табу. Жалпы Джокьякарта – Индонезияның көне мұралары сақталған тарихи өлке. Мұнда әлемге әйгілі қос ескерткіш бар. Олар Джокьякартадан 42 шақырым қашықта орналасқан – Боробудур және Прамбанан храмдар кешені. Сәулет өнерінің бұл ғажап туындылары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген.
Прамбанан мен Боробудурды көруге, тәу етуге туристер төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келеді. Ал Сапар Ысқақ бастаған экспедицияның мақсаты – Боробудур буддалық ғибадатхана кешенінен бабаларымызға қатысты дерек іздеу.
Боробудурды 750-850 жылдарар алығында Сайлендр династиясы құрған Матарам мемлекетінің билеушілері салдырған. Санскрит тілінен аударғанда «Вихарабудда Ур», яғни «таудағы будда храмы» деген мағынаны білдіреді.
Боробудур – 1973-1983 жылдар аралығында толық ревставрациядан өткен ескерткіш. 1006 жылы Мерапи жанартауының атқылауынан кейін ғибадатхана ғасырлар бойы күл астында жатқан.