Қазақстандық мұғалімдер танымал TikTok әлеуметтік желісіне жиі тіркеліп жатыр. Бүгінде үш жас маман, яғни химия, ағылшын тілі және физика ұстаздары желіде танымал бола бастады. Олардың видеороликтері тек жай көрініспен ғана емес, мазмұнының арқасында көп қаралым жинап отыр.
«Кез келген сабақты қызықты ойын арқылы түсіндіруге болады», – дейді жас ұстаздар. Бүгінде «Z» деп аталып кеткен жастар өмірін смартфонсыз елестете алмайды. Әсіресе олар TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде көп уақыт өткізеді. Сондықтан жас мұғалімдер балалар әлеуметтік желінің құрбаны болмасын деген оймен сабақты «TikTok»-та беруді жөн санаған. Осылайша олар күрделі тақырыпты қарапайым, түсінікті және көңілді жеткізеді.
Ұлан Үсенов, химия пәнінің мұғалімі:
- Балаларға сабақты жеңіл оқуға болытынын жеткізу өте қызықты. Қызығушылық – оларда бар ең үлкен ресурс. Өйткені қатты қызықса, олар шынымен де әдебиетті оқи алады, қажетті ақпаратты түсінуге тырысады. Бұл – біздің қолымыздан келетін дүние.
«Jump2mars» жобасы бір айға жетпей «TikTok»-қа 30 мыңға жазылушы жинады. Ондағы топ тарихи фактілер мен викториналар жариялайды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үшін тесттер орналастырады. Сондай-ақ байқаулар өткізеді.
Жәңгір Қоржымбаев, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
- Кейбір мағлұматты өзгеше форматта көрсету шынымен де қызық. Әзіл түрінде, мысалы, грамматиканы күнделікті үйреншікті жағдайдан басқаша түсіндіру ұғынықты. Меніңше бұл – алға жасалған үлкен қадам.
Бисұлтан Өмірбаевтың айтуынша, «Jump2Mars» жобасы білімге деген құштарлықты арттырады. «Егер балалар бірнеше сағат бойы ғаламтордан бас алмай, түрлі ойын-сауық форматындағы видеоларды қарайтын болса, неге оларға пайдалы ақпаратты қосып бермеске?», – дейді маман. Оған қоса тақырыптар саналуан болуы мүмкін. Мысалы, мектеп бағдарламасын да, әлеуметтік роликтерді де көрсетуге болады. Қазір жас мұғалімдер жаңа түсірілімге дайындалып жатыр.
Бисұлтан Өмірбаев, физика пәнінің мұғалімі:
- Салт-дәстүрлерге, еліміздің мәдениетіне байланысты тақырыпты кеңінен насихаттап, көбірек қозғау керек. Біздің TikTok парақшамыздағы статистикаға қарасақ, жалғыз Қазақстан ғана қарамайды екен. Жазылушыларымыздың арасында Ресей, Украина елінің балалары көп. Қателеспесем, жалпы ТМД мемлекеттерінен екен. Сондықтан да ұлттық дәстүрлерімізді кеңінен насихаттауға мүмкіндік мол.
Авторлар – өз идеясына шынайы берілген жастар. Олар тіпті болашақта жобаны коммерциялық кәсіпке айналдыруға тырыспайды да. Айтуларынша, заманауи форматта жұмыс істеуге дайын әрбір мұғалім TikTok топтың бір мүшесі бола алады. Бүгінде олардың қатарына қосылуға өтінімдерін жіберіп жатқан қазақстандық мұғалімдер артып келеді.
Авторы: Ақзер Сегізбай