Тбилисиде Абай ескерткіші ашылды

Тбилисиде Абай ескерткіші ашылды

Тбилисиде қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш ашылды. Грузин мүсіншісі жасаған ескерткіш қаланың бас алаңдарының біріне орнатылды. Ашылу салтанатына Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Грузияның Экономика министрінің орынбасары Геннадий Арвеладзе қатысты. Қатысушылар атап өткендей, қазақтың ойшыл-ағартушысының бейнесі 2 елдің арасындағы достық қарым-қатынасты әрдайым еске түсіреді. Онымен қоса, ескерткіш бой көтерген даңғылға да Абайдың есімі берілді.

Бауыржан Мұхамеджанов, Грузиядағы ҚР төтенше және өкілетті елшісі:

– Биыл 2 елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толады. Бұл ескерткіш екі халықтың арасындағы достықтың рухани көпіріне айналып отыр.

Эрекле Макашвили, Тбилиси тұрғыны:

– Бұл ойшыл туралы мен Қазақстанның Грузиядағы елшілігінен естіп, білдім. 175 жылдыққа орай шыққан Абайдың кітабы кабинетімнің төрінде тұр. Толық оқып шықтым. Оның поэтикалық қуаты, философиялық ойлары қатты ұнайды. Ескерткіштің ашылғанына қуанып тұрмын.

Грузия қоғамында Абай сөзіне сұраныс жоғары. Осылайша, былтыр ғана грузин тілінде шыққан Абай шығармаларының жинағы баспадан қайта жарық көргелі отыр.