Қазақтың құмай тазысы мен төбеті шекара сақтығының күзетінде. Отандық сала мамандары асыл тұқымды иттердің бұл қызметке қаншалықты жарамды екенін зерттеп жатыр. Жергілікті кинологтар биылдың мамыр айынан бастап асылтұқымдылардың ерекше қасиеттерін сынауға кірісті. Төрт аяқты болашақ сақшылар Алматы өңіріндегі қызметтік кинология басқармасында жаңа дағдыларға үйретіліп жатыр. Осы жылдың соңында тазы мен төбет әскери қызметтің қай түріне бейімді екені анықталмақ. Мамандар олардың ел қорғанысы ісінде кәдеге жарарына сенімді. Еске сала кетейік, өткен шілде айынан қазақи асыл тұқымды иттерді сақтау, қорғау және молайтуға қатысты заң күшіне енді. Құжатқа сәйкес, елде тазы мен төбет тұқымдарын күтіп-баптау қамында Ұлттық орталық құрылады. Бұнда стандартқа сай келетін иттер іріктеліп, таза қанды тұқым шығарылатын болады.