Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында оның негізін қалаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін көрсетіп, Елбасы саясатының сабақтастығын өткізілетін барлық іс-шараның идеологиялық өзегіне айналдыруға ерекше мән беріп отыр. Бір қарағанда, бұл әлем мойындаған және ел аузында жүрген факті болғанымен, оны өз көзіммен көріп, құлағыммен естігеніме қарамастан, шын мәнісіне келгенде, Елбасы туралы сөз қозғаудың маған да оңай болмасы анық. Өйткені тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президентінің осы жылдардағы мол саяси мұрасы мен тәжірибесінің «ішкі дүниесіне» үңіліп, түйсіну және оған баға беру біздің ғана емес, келесі жас буын елбасытанушылардың да еншісіне тиіп, одан әрі тереңірек зерттеп, толыққанды сараптауларын қажет етері сөзсіз.
1990 жылдардың басында республиканың экономикалық жағдайы нашарлап, өндіріс құлдырады, ақшаның құнсыздануы тоқтамай қойды. Республикада ұлттық табыс пен еңбек өнімділігі төмендеді. Халық тұтынатын тауарлардың бағасы үш есеге дейін өсті. Бұл әлеуметтік ахуалды шиеленістіріп жіберді. Қоғам жіктеліп, оның іргесі сөгіле бастады. Ол қоғамды ескі мен жаңа, өткен мен болашақ қағидаты бойынша екіге қақ айырды. Дүниеге енді келген Президент институты мен Кеңестер, нарық пен әкімшілдік-әміршілдік экономиканың, өткен мен болашақтың арасындағы қайшылық күшейе түсті. Сондықтан елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандырып, нарық экономикасы мен демократияға бет бұру үдерістерін дамыту үшін президенттік басқару жүйесін енгізу қажет болды. Жаңа билік институтын енгізуді Қазақстанның көп этносты мемлекет болғандығы да талап етті.
Осындай тағдыршешті тарихи кезеңде кеңестік жүйенің келмеске кеткенін айқын түсінген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жағдайдың одан әрі шиеленісуі мен құлдырауына жол бермей, елін апатты бағыттан аман алып қалды. 1991 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне ресми кірісуіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің салтанатты отырысында сөйлеген сөзінде Елбасы бірінші кезектегі атқарылатын саясатта этносаралық қатынастар мен экстремизм мәселелеріне, құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтауды нығайтуға баса назар аудару қажетіне тоқталды. Ол осындай саяси негіздің арқасында ғана барлық экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешуге болатынын ескертті.
Елбасы жас мемлекеттің алдында тұрған алғашқы кезектегі міндеттердің ауқымын айқындап бере отырып, өтпелі кезеңнің қиындықтарын тез арада түзетемін деп халыққа жалаң уәде берген емес. Ол оның орнына жоспарлы экономикадан – нарықтық экономикаға, бір партиялық командалық-әкімшілік жүйеден – демократиялық жүйеге және дәстүрлі санадан – либералдық құндылықтарға көшу сияқты үш бірдей міндет қойды. Бұл Қазақстан тарихындағы барлық жетістіктен толығымен айырылып қалу қаупі бар, түбірінен өзгеріс жасауды қажет ететін өте қиын кез болатын. 1993 жылғы Конституция компромисті заң болып шықты. Бірақ ол қоғамдық үміт пен қажеттілікті ақтамады. Соған қарамастан, Елбасы адамдардың санасын күрт өзгертпейінше, олардың болашағы жоқ екенін жақсы түсінді. Сондықтан мемлекет қажетті шараларды іске асырып, адамдардың сана-сезімін өзгертіп, олардың беттерін бері қаратуға жағдай жасауға кірісті. Ең алдымен тізерлеп жатқан экономиканы көтеріп, халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауды қолға алудың маңызы зор еді. Халыққа тәуелсіздік алған Қазақстанның алдағы уақыттағы дамуының бағыт-бағдарын, мақсат-мүдделері мен перспективаларын тәптіштеп түсіндіріп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп, сөз бен істің арасын алшақтатпай, олардың жүрегіне сенім ұялату қажет болды.
1995 жылғы жаңа Конституция қабылданып, Президент билігінің 2000 жылға дейін ұзартылуы Президент институтының әлеуетін ашып, оның Қазақстан қоғамын трансформациялаудағы рөлін арттыра түсті. Нәтижесінде, қоғамды қайта құру саясаты іске асырылып, ол барлық қазақстандықтың бірлігіне, келісім мен бейбітшілікке қол жеткізуді көздеді.
Қазақстан таңдаған этносаралық және дінаралық келісім жолының басы-қасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Ол татулық пен ұлтаралық тұрақтылықты сақтау мақсатында әу бастан-ақ түйісу нүктелерін іздеп, халықтар арасындағы келісім мен сенім аймақтарын кеңейтуге бар күшін салды. Өйткені тәуелсіздікке қол жеткізе салысымен мемлекетімізге парасатты ұлттық саясаттың қажетіне оның көзі жетті. Ассамблея енді құрылып жатқан кезде қазақстандық сәйкестіктің басты өзегі қазақстандық азаматтық деген формула қабылданды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және демографиялық жағдайын ескере отырып, Елбасы тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап-ақ этносаралық татулықты сақтау мен нығайту және қазақстандық сәйкестікті немесе тақылеттестікті қалыптастырудың жеке моделінің негізіне этностық емес, азаматтылық қағидатын алып, жүзеге асырды. Себебі жас тәуелсіз мемлекет үшін азаматтық бірегейлік ел дамуының басты факторы және оның тұрақтылығының алғышарты болды.
Өйткені Елбасының «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген «қазақстандық жол» ұстанымын іске асыру үшін қоғамдық келісім мен азаматтық татулық қажет болды. Қазақстанды мекендеген барлық этнос өкілдерінің өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыратын әлеуметтік-экономикалық, мәдени мәселелерге көп көңіл бөлінді. Нәтижесінде, Қазақстанда этносаралық келісімнің өзіндік қазақстандық моделі құрылды.
Ұлттық мәселені әділетті шешудің бір тиімді жолы мен институты ретінде 1995 жылы Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Дәл сол кездерде ұлттық саясаттың басты қағидаттары да негізінен айқындалды. Ол мәмілеге негізделген қоғамдық тұрақтылық, заңның үстемдігі мен тәуелсіздікті нығайту жолы еді. Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық қатынастарға мұқият болу, онда болып жатқан үдерістерге дер кезінде құлақ асу қажеттігіне сол кездің өзінде-ақ көңіл аудара білді.
Елбасы қоғамдық-саяси өмірді Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуынан ешқашан бөліп қараған емес. Керісінше, еліміздегі экономикалық өзгерістерді терең білудің арқасында мемлекет дамуы мен мемлекеттілікті орнықтырып, оны одан әрі дамытудың алғышарттары саналатын осы екі қанатты тең ұстап отырды. Тәуелсіздікті нығайтудың ең басты кепілі ретінде ішкі ынтымақты тереңдету арқылы экономикалық қатынастарды да, саяси қатынастарды да мейлінше демократияландыра түсуге болатынына үлкен мән берді. Бір қарағанда, «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген формула Қазақстанда саясатқа онша көңіл бөлінбегендей әсер қалдыруы мүмкін. Алайда өз басым мұндай пікірмен келісе алмаймын. Менің түсінігімде, Президент билігінің 2000 жылға дейін ұзартылуы экономикамен қатар, саяси реформалардың да нақты қолға алынуына деген карт-бланш болатын. Сондықтан оқиғаның бұдан былайғы өрбуі саяси реформалар мәселесінің алдын ала қарастырылып, 1995 жылғы Конституциядан кейін пысықталып, Нұрсұлтан Назарбаевтың оған іштей де, мазмұндық жағынан да дайын болғандығын көрсетіп берді, ал 1998 жылдың қыркүйегіндегі халыққа Жолдауында ол еліміздегі саяси және экономикалық либералдандыруға жол ашамын деп уәде етті. 1999 жылдың 29 қаңтарында Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум шеңберінде еліміздің Тұңғыш Президенті біздің экономикада – нарықты, саясатта демократияны таңдағанымыз туралы айтып, Қазақстанның бір мезгілде экономикалық либералдандыру мен саяси саладағы реформалар жолына түскендігін және демократия жолынан таймайтындығы туралы мәлімдеді. Бұл экономикалық мәселелер шешілді, енді саяси реформаға кірісеміз деген сөз емес еді. Рас, біз тек экономикалық-әлеуметтік дамудың беті аз да болса бері қарап, астанамызды ауыстыруға тәуекел жасау сияқты батыл қадамдарға баруға шамамыз келіп қалған кезді басымыздан өткеріп жаттық. Ал егер біз саяси қайта құруларға бұған дейін мүлдем көңіл бөлмеген болсақ, онда Елбасы әлемдік қоғамдастық алдында осындай әңгімелерді бастап, саяси реформаның маңызды бағыттарын көрсете алар ма еді? Көріп отырғанымыздай, сол кездің өзінде үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар құру, сайлау жүйесін реформалау және баспасөздің қызметін ырықтандыру, жемқорлықпен күрес, сот жүйесінің тәуелсіздік ауқымын кеңейту, әйелдердің құқықтарын қорғау сияқты кеңестік қоғам тұсында кеңес адамының миына қонбайтын түсініктерді еркін қолданып, оның мәнін терең түсініп, бұл жаңалықтардың қазақстандық әлеуметтік ортада іске асырылу мүмкіндігіне сенімді болар ма еді?
Елбасы сондай-ақ 1999 жылы Қазақстанда құқық негіздері реформаланып, саяси партияларға көмек көрсетілетінін, олардың Парламенттегі теңгермелі пропорционалдық өкілдігі енгізілетінін, сайлауда халықаралық бақылаушылардың қатысуы қамтамасыз етілетінін нақты түрде белсене сөз ете бастады. Осы кездері БҰҰ-дан бастап, басқа да халықаралық ұйымдар шұқшия көз тігіп отырған сайлау жүйесін реформалау мәселесі қолға алынды. Ол Парламент депутаттығына кандидаттардан алынатын төлемнің мөлшерін азайтып, Орталық сайлау комиссиясының жаңа құрылымын жасау, оның құрамына еліміздің жетекші партияларының өкілдерін енгізуге бағытталды. Сонымен бірге пікірлердің плюрализміне, келіспеушілікке төзімділік пен демократиялық үдерістің ажырамас бөлігі ретіндегі сынның ашықтығына жағдай жасау көзделді.
1999 жылға арналған демократиялық реформалар ауқымды болды. Баспасөзді, соның ішінде әсіресе тәуелсіз баспасөзді либералдандыру үдерісін өткізу жоспарланды. Баспасөз бен баспа органдарын жекешелендіруге қосымша шара қолданылатын болды. Хабар тарату жиілігі үшін алынатын төлемнің мөлшерін төмендету арқылы радиостанса иелерінің шеңберін кеңейту, БАҚ туралы жаңа, бұрынғыдан да либералды заң қабылдап, қоғамның басым бөлігінің пікірін білдіретін партиялар мен қозғалыстардың кандидаттары жөнінде мемлекеттік баспасөз құралдарында көбірек айтатындай жағдай қалыптастыру да ескерілді. Елбасы тәуелсіз Қазақстан таңдаған өз бағытын «демократияландырудың кезеңді бағдарламасы» деп атауға дайын екендігін бүкіл әлемге паш етті. Өйткені Қазақ еліне саяси революция қажет емес еді. Қазақстан күрт және бақыланбайтын өзгерістерден аулақ тұрды және шынайы, жан-жақты ойластырылған реформаларға талпына білді. Себебі ол XXI ғасырдың техникасына сүйене отырып, XXI ғасырдың экономикалық және саяси жүйесін құруды мақсат тұтты. Сөйтіп Қазақстан жас тәуелсіз мемлекет ретінде үшінші мыңжылдыққа нық сеніммен, қуаттылықпен және демократиялық сипатпен аяқ басқысы келді.
1999 жылдың 30 қаңтарындағы әлемнің жетекші саяси тұлғаларымен кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев демократиялық реформалардың үш басты бағыты –үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар құру және сайлау жүйесін қайта құруға тағы тоқталды. Осы кездесуде Елбасы Батыста Қазақстандағы демократияландыру үдерісінің қарқынын жылдамдату мәселесінде шыдамсыздық танытатындығына тоқтала келе, бұған дұрыстап қарар болсақ, батыстық үлгідегі демократия құру үшін Қазақстанға бір жыл, екі жыл емес, ондаған жылдар қажет екендігіне көңіл аударды. Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз асықпай, қатеге жол бермей, аяғымызды нық басқымыз келеді. Біз демократиялық жүйені тарихымыз бен мәдениетімізді ескере отырып дамытпақпыз. Қазақстанда барлық саладағы қиындықтармен бір мезгілде күн сайын ұшырасып отырмыз. Ең алдымен, ол – экономика. Екіншіден, әлеуметтік сала. Ал үшіншіден, саяси факторлар. Біз қазірдің өзінде демократиялық реформа мен ашық нарық экономикасын дамытуда әжептәуір жетістікке жеттік. Сегіз жылда инфляцияны 3000%-дан 10%-ға түсірдік, теңгенің тұрақтылығын арттырдық, инвестиция тарту жағынан Шығыс Еуропадағы Венгриядан кейінгі екінші орынға шықтық», деп кесіп айтты. Азаматтардың белсенділігін арттыру бағытында заңнамаларды либералдандырып, БАҚ-тарға еркіндік берілгендігі, ҮЕҰ-ның құрылуына жағдай жасалып, барлық конфессия мүшелерінің діни сенім-нанымдарын еркін дамытуға кепілдік берілгені, Қазақстан әлемде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан бірінші ел болғаны да әңгіменің арқауына айналды.
Көп ұзамай, араға тура екі ай салып, 1999 жылдың 31 наурызында Елбасы Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында «Демократия – біздің таңдау» тақырыбын көтерді. Айналамыздағы әлемдегі қиындықтарға қарамастан, Қазақстан өз таңдауынан бас тартпайтыны енді ішкі, қазақстандық аудитория үшін мәлімделді. Осылайша, елдің демократиялық дамуының кезекті қадамдары айқындалды. Елбасы демократияны тек қана жалынды ұрандардың жиынтығы қылмауға көңіл аударды. Осы Жолдауда саяси жүйені либералдандырудың бағдарламасы туралы мәлімделді. Оның негізіне сайлау жүйесін реформалау, президенттікке және депутаттыққа кандидаттардың сайлау жарнасын азайту, Парламенттің мәртебесі мен рөлін көтеру, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттыру, азаматтық қоғам қалыптастыру, сот жүйесі тәуелсіздігін дамытудың кепілдігін арттыру, БАҚ-тың тәуелсіздігін дамыту бағытындағы заңдарды мүлтіксіз сақтау алынды. Сонымен қатар Қазақстан әйелдерінің елдің саяси, экономикалық және қоғамдық өміріне белсене араласуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен күресті қатайту мәселесі де ұмыт қалмады. Бұл қазақстандық қоғамды демократияландырудың кезең-кезеңмен іске асырылатын бағдарламасы жобасының алғашқы нұсқаларының бар болғанын аңғартса керек. Оның түпкі мақсаты – қадам сайын, бір заңнан екіншісіне, сайлаудан сайлауға Қазақстан топырағын демократия өнетіндей етіп барынша құнарландыру еді. Бұл бағыт демократия дамыған сайын нарық экономикасының негізінің де нығая беретінін көрсетті. Осының дәлелі ретінде АҚШ-тың Өкілдер Палатасының мүшесі Джек Меткалфтың 1999 жылдың 22 желтоқсанында «Вашингтон Таймс» газетінде жарияланған «Қазақстанның мықтырақ демократияға қарай қозғалысы» атты мақаласын келтіруге болады. Онда Қазақстанның демократия мен нарық экономикасын дамытудағы жетістіктері атап көрсетілді. Қазақстан үшін бұл мемлекетіміздің дұрыс жолда келе жатқандығының дәлелі болса, ал Батыс үшін – Қазақстанның осы саясатына қолдау көрсеткендігінің белгісі болды.
Осы кезеңге Президенттің Қазақстан халқына Жолдауларының рөлінің артуы тән. Мәселен, 2003 жылдың 4 сәуіріндегі Жолдауда 2004 жылға арналған ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары анықталды. Онда ашық қоғам құру бойынша тиісті қадамдар жасалып, Қазақстанда демократия мен азаматтық қоғамның басты институттарының қалыптасқандығы атап көрсетілді. Мысалы, Омбудсмен институты, Ұлттық Кеңес, БАҚ бойынша Қоғамдық кеңес құрылды. Партиялар туралы жаңа заңның қабылдануымен елдегі партиялық жүйе нығайды, ҮЕҰ белсенділік көрсете бастады. Ең бастысы, қоғамда демократиялық үлгідегі саяси мәдениет те қалыптасу үстінде болды. Үкімет жанынан тұрақты жұмыс істейтін демократияландыру мен азаматтық қоғамды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстар жасайтын кеңес дүниеге келді.
Елбасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту барысында ендігі жерде жергілікті билікті халыққа жақындататындай ахуал туғызуға көңіл бөліп, аудан әкімдерін сайлау бойынша эксперимент өткізуді тапсырды. Азаматтық қоғам институттарын одан әрі нығайту бағытында саяси партияларға Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсынуға және дауыс берудің қорытындыларын бақылауда оларға ерекше құқық беру көзделді. Үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас та басқаша қаралып, Азаматтық форумдар өткізіле бастады. Тұңғыш Президент азаматтық қоғам институтын дамытудың тұжырымдамасын кешіктірмей қабылдау керектігін назардан тыс қалдырмай, үшінші сектордың дамуына жағдай жасап отырды. Ол азаматтық қоғам қызметінің құқықтық негізінің нақты айқындалуын көздеді. Мемлекет азаматтық қоғам институттарын жасанды түрде «өсірмей», соған тек жағдай жасау керегін ескертті. Сонда ғана мемлекет пен үшінші сектор арасында шынайы серіктестік орнатуға мүмкіндіктің туатынын жақсы түсінді. Ол үшін азаматтық бастамаларды қолдау мен мемлекеттің іс-әрекеттерінің жүйелілігін қамтамасыз ету маңызды еді. Сондықтан Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудың жоспары Үкіметтің 2006 жылдың 30 қыркүйегіндегі қаулысымен бекітілді. Оны орындауға республикалық бюджеттен 146 млн 991 мың теңге, ал жергілікті бюджеттен – 1 млрд 112 млн 716 мың теңге бөлінді.
БАҚ мәселесіне ерекше мән берілді. Олардың қоғамды демократияландыру үдерісіндегі рөлі мен орнын дәл анықтау басты мақсатқа айналды. Мемлекеттік емес БАҚ санының өсуіне байланысты баспасөз бен телевидениенің цензура жоқ жағдайында қызмет ету механизмін қалыптастыру міндеті алдыңғы орынға шықты. Мәселен, тек 2002 жылы 50 жаңа БАҚ тіркелген көрінеді. Қоғамның БАҚ алдындағы және билік пен журналистер арасындағы өзара жауапкершілігіне зор мән берілді. Сондықтан БАҚ туралы жаңа заң қабылдап, БАҚ-тың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейте отырып, қоғам талап ететін сөз бостандығын қамтамасыз ету проблемасын шешу қажет болды. БАҚ туралы жаңа заң жобасы қаралған кездегі құжаттардың бірінде Елбасы: «Сөз бостандығы ол жала жабу мен жалған ақпарат бостандығы емес» деп жазып, басқа елдердің тәжірибесі мен солардың ұсыныстарын белсене пайдалану керектігін еске салды. Архив қорларында сақталған тағы бір құжатта Ұлттық комиссия жұмысын саралай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен: «Өте теңдестірілген тәсіл қажет. Тұрақты даму – бастысы. (Нальчик). 2 кезең: 2006-2008; 2008-2011» деп, саяси реформалардың қаншалықты маңызды екеніне тағы да баса назар аударып, оны жүзеге асырудың екі кезеңін көрсетеді.
Елбасы тікелей басшылық жасаған Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу мен нақтылау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында саяси жүйені жаңғыртудың басым бағыттары талқыланып, Үкімет пен Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары тарапынан қыруар жұмыс жүргізілді. Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет жоспарында қарастырылған әрбір заң жобасының зор жауапкершілікпен қаралуын, барлық заң актілерінің логикалық қорытындысына дейін жеткізілуін талап етті.
2005 жылдың тамызында Қазақстанның төрт ауданында әкімдердің эксперименттік сайлауы өткізілді. Оларды мәслихат депутаттары сайлады. Бұл сайлау әкімдердің қызметіне оң ықпалын тигізді, олар белсенді жұмыс істей бастады. Елбасы әкімдерді мәслихаттардың сайлау үлгісіне тоқтала келе, оны жергілікті жерлерде тепе-теңдік жүйесін орнықтыру қажеттілігімен байланыстырды. Мәслихаттардың құзыретін ұлғайту, олардың әкімдерді бақылауын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуіне көңіл аударды. Ол әкімдерді бірден тікелей халықтың сайлауына жіберу барлық мәселені шеше алмайтынын атап көрсетті. Оның теріс мысалдарын да келтірді. Нұрсұлтан Назарбаев оған тиісті ахуалдың пісіп-жетілуі қажетіне көңіл аудара келе, жер-жердегі басқарудың тізгінін босатып алуға жол бермеу керектігін еске салды. Елбасының пікірінше, жергілікті өзін өзі басқару – нақты демократия, іс-әрекеттегі демократия. Қазақстан үшін бұл мәселеде шетелдік үлгіні сол қалпында көшіріп алудың ешбір пайдасы жоқ екендігі түсінікті еді.
Тұңғыш Президент 2006 жылдан бастап Конституцияға енгізуге байланысты берілген ұсыныстарды талқылауға кірісіп, егер реформаның қисыны Конституцияға өзгеріс енгізуді қажет етсе, онда бұған бару керегіне басымдық берді. Сондықтан Елбасы бұл стратегиялық бағытқа ешбір күмән келтірместен жүйелі, теңдестірілген түрде, ешбір жасанды айқай-шусыз, алға қарай жылжи беруді, асықпай, кезең-кезеңмен, қоғамдық тыныштыққа зиян тигізбестен, іске асыруды мақсат тұтты. Өйткені Елбасы Қазақстандағы демократияландыру үдерісінің қайтарымсыз сипатқа ие болуын қалады. Себебі демократиялық реформалар экономиканы одан әрі жаңғыртуды және саяси жүйені неғұрлым жетілдіріп, оның тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай қалыптастырып, экономиканы, қоғам мен мемлекетті дамытудың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды. Сондықтан болып жатқан өзгерістер мен даму үдерістерін ескере отырып, Қазақстанның саяси жүйесін жетілдіру, саяси жаңғырту үдерісінің кезеңділігін және реттілігін қамтамасыз етуде Конституцияға тиісті түзетулер енгізу жолымен жетілдірудің маңызы зор болды. Ол үшін Конституция шеңберінде саяси реформалардың жергілікті өзін өзі басқару жүйесін қалыптастыру, жергілікті өкілді органдардың рөлін, функцияларын және өкілеттіктерін нығайту, әкімдердің сайланбалылығын және жыл сайын есеп беріп отыруын енгізу; азаматтық қоғам институттарын нығайту және дамыту, журналистердің құқығын қорғау, БАҚ-тың редакциялық саясатының тәуелсіздігіне кепілдікті күшейту, БАҚ жанынан Қоғамдық кеңестер құру, әкімшілік реформа жүргізу, сот төрелігі жүйелері мен құқық қорғау органдарының тәуелсіздігін, ашықтығын және тиімділігін қамтамасыз ету, сайлау заңнамасын жетілдіруді бекітіп, оның ашықтығын қамтамасыз ету, округтік және учаскелік сайлау комиссиясын жасақтауда партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің кеңінен қатысуы, билік органдарының сайлау процесіне қатысуын шектеуді заңда көрсету сияқты шаралар белгіленді. Конституцияны жетілдіру Парламент пен мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту, азаматтық қоғам институттарының рөлін көтеру және нығайту, Парламентке өту барьерін пропорционалды жүйе бойынша 7%-дан 5%-ға дейін төмендету, Конституциялық бақылау, сот жүйесі және сот төрелігі бағыттарымен нақтыланды.
2007 жылдың 19 ақпанында Елбасы Демократиялық реформалардың бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысын өткізді. Комиссияның төрағасы ретінде ол демократияны одан әрі дамыту, саяси жүйені жетілдіру мәселесін сол жылдың алдында тұрған үлкен міндеттердің қатарына жатқызды.
Мемкомиссия журналистер құқықтарын, БАҚ-тың редакциялық саясатының тәуелсіздігіне кепілдікті күшейту мақсатында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға түзетулер енгізу, сондай-ақ мемлекеттік электрондық БАҚ жанынан олардың әділдігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етіп отыратын қоғамдық кеңестер құру қажет деген қорытындыға келді.
Мемлекеттік комиссия көп партиялы жүйені дамытуды, Қазақстанның саяси жүйесінде саяси партиялар рөлін көтеру үшін саяси партияларды тіркеу процедурасын оңайлату, оның ішінде партияны тіркеу үшін қажет қолдар санын 50 мыңнан 25 мыңға дейін қысқартуды ұсынды.
Премьер-Министрді Президент Парламенттегі саяси партиялардың фракцияларымен кеңес жүргізген соң және Парламент депутаттарының көпшілігі қолдаған жағдайда тағайындайтын болды. Яғни енді Үкімет парламенттік көпшіліктің қолдауына ие болуы қажет деп шешілді.
Сенаторлардың санын 48-ге дейін көбейтіп, облыстардан, республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан 2 адамнан оларды барлық деңгейдегі депутаттардың тиісінше облыс, қала мәслихаттарының сайлауы, 16 депутатты Президенттің ұсынуы, соның ішінде 9 депутат қоғамдық, ғылыми, шығармашылық бірлестіктер мен саяси партиялардың өкілдерінен сайлануы қолдау тапты.
Этносаралық және дінаралық қатынастардың маңыздылығы ескеріле отырып, Конституцияға ҚХА құрудың конституциялық нормалары енгізіліп, оның елдің әртүрлі этностық топтың қоғамдық-саяси өмірдегі өкілеттілігін кеңейтетін ұйым ретіндегі конституциялық мәртебеге ие болуын қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыстар атқарылып, ол өз өкілдерін Парламентке сайлау құқығына қол жеткізді.
Сот және құқық қорғау органдары мен жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқару органдарының қызметін реттейтін кейбір нормалар өзгертілді. Сондықтан тұтқындау мен қамауға алуды тек сот санкциясымен жүргізу заңдастырылды. Омбудсменнің рөлі жаңа деңгейге көтерілді. Өлім жазасын қолдануға шек қойылды. Облыс және қала әкімдері тиісті деңгейлі мәслихаттардың келісімімен сайлануы, олардың әкімге сенімсіздік білдіру рәсімінің жеңілдетілуі жергілікті өкілетті органдардың жұмысын белсендіріп, оның беделін нығайтуға жағдай жасады.
Саяси партиялардың өкілетті органдардың қызметіндегі рөлі көтеріліп, елдегі әртүрлі саяси күштің қызметіне ашықтық сипат беру, партияларды республикалық бюджеттен қаржыландыру, партиялық фракциялардың рөлін көтерудің құқықтық негізін қалау сияқты күрделі саяси қадамдар жасала бастады. Сонымен бірге ҮЕҰ-ның беделін арттыру арқылы мемлекет пен қоғамдық ұйымдар арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеру мүмкіндігі туды. Әлеуметтік саладағы қатынастардың жаңа моделі дүниеге келіп, мемлекет пен қоғамдық сектор арасындағы тұрақты және тиімді жүйе қалыптаса бастады.
БАҚ-қа қатысты Қазақстан кеңістігіндегі жекеменшік баспасөздің басымдық жағдайын ескере отырып, оның әлемдік стандарттарға сай келетін «ойын тәртібін» бекіту қажеттігі туындады. БАҚ бостандығының кепілдігін нығайту негізінде олардың халық алдындағы және журналистер қауымдастығының кәсіби этикасына моральдық жауапкершілігін көтеру жолында маңызды қадамдар жасалды. БАҚ-тың демократияландыру үдерісіндегі өз рөлін сезініп, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуіне, құқықтық негізде әрекет етуіне назар аударылды. Өйткені Елбасы саяси жаңғыртудың БАҚ рөлін көтермейінше, мүмкін еместігін, БАҚ-тың тәуелсіз редакциялық саясат жүргізуін қамтамасыз ету және журналистердің құқығын қорғаудың өзектілігін жақсы түсінді. Нәтижесінде, БАҚ туралы заңды жетілдіру қажеттілігі туындады.
Қорыта келгенде, 2000 жылдардың қауіптері мен қатерлері елдің бүкіл әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жүйесін жеделдетіп жаңғырту міндетін шешуді талап етті. Сондықтан Елбасы қолға алған Қазақстанның демократиялық дамуының жаңа кезеңі дәл сол кезеңнен өз бастауын алып, саяси реформалар жүргізуге жол ашылды.
Мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында барлық ұсыныс, соның ішінде ең радикалдылары да зерделеніп, жан-жақты пысықталды. Бұл саяси партиялар, ғалымдар, сарапшылар және қазақстандықтармен ақылдасудың өзіндік алаңшасына айналды. Нәтижесінде, барлық ұсыныс баспасөзде егжей-тегжейлі талқыланып, республика Конституциясына өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы заңның жобасы пысықталып, ол Конституцияға енгізілетін түзетулер анықталғаннан кейін конституциялық жаңалықтарды іске асыруға бағытталған конституциялық заңдардың топтамасы ретінде қорытындыланып, Парламентке енгізілді. Елбасы 2007 жылғы 16 мамырдағы Парламентің отырысында Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі – еркін демократиялық қоғамды тез қарқынмен дамыту және президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға көшу тақырыбына арнайы тоқталды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев елді жан-жақты жаңғыртудың барысы мен оған қажетті шарттарға тоқтала келе, саяси реформаны жүргізудің «қазақстандық жолына» сай келетін және қоғамдық мүдделерді ескеретін Жалпыұлттық саяси реформалар бағдарламасын іске асыру жұмысының заңды жалғасы ретінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын депутаттардың қарауына ұсынып, ол сол жылдың 21 мамырында қабылданды. Елбасы Қазақстанды демократияландырудағы басты ұстанымдардың қатарына тұрақтылық, болжамдылық, қайтымсыздық, ашық және өркендеген қоғамды жатқызды. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылдары еліміздің саяси даму реформаларын жүргізу арқылы алдағы саяси жаңғыртулардың басты бағыт-бағдарын айқындап берді.
Жапсарбай Қуанышев, қоғам қайраткері, саясаттанушы
Ақпарат көзі: egemen.kz