Дарынды бала – білікті ұстаздан. Әріп танып, білім нәрімен сусындау бірінші кезекте мектептегі ұстаздың арқасы, ал бала бойындағы табиғат берген талант пен ерекше қабілетін тани білу үйдегі ұстаздан. 10 жасынан ертегі жазып, бойындағы өнерін ұштап жүрген Рәзия алғаш талантымды таныған анам дейді. 5 жасынан әріп танып, оқуға зерек болған бала Рәзияның талантын ата-анасы әрі қарай қолдауды жөн санаған. Осылайша, алғаш жазған ертегісін анасы сын-мін болады деген қорқынышқа қарамастан, әлеуметтік желіден арнайы парақша ашып, жариялайды.
РӘЗИЯ АҚПАР, 7 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
–Менің ең бірінші ертегім – «Сөз таптары». Маған мектебімде үй тапсырмаға сөз таптары туралы ертегі жазуға үй тапсырмасын берген. Менің жазғаным маған ұнады, ал кейін оны анам инстаграмдағы парақшама салды. Кейін мен математика туралы ертегі жаздым, жаратылыстану, музыка және т.б ертегілерім бар.
Рәзия өз болашағын жазу-сызумен елестетеді. Сондықтан ол өзінің алғашқы ертегі жинағын дайындау үстінде. Жас оқырмандар оның туындысын биыл көктем мезгіліне қарай оқи алады. Рәзия өз жинағының ерекше иллюстрацияға толы болғанын қалайды. Сондықтан жинақ жарық көреді дегеннен, ертегілерінің басты кейіпкерлеріне сурет арқылы жан бере бастады.
Адам қабілеті – сан қырлы. Біздің камерамызға өз ерекшелігімен іліккен тағы бір кейіпкеріміз – жас аспаз Жанерке. 14 жасар оқушы тауық қанаттарын әлемнің әйгілі аспаздарынан кем дайындамайды.
Жанеркенің айтуынша, тауық қанаттары – ең сүйікті асы. Көп ізденудің арқасында қазір оның өз рецепті бар. Осылайша, әуелгіде жай әуесқойлықпен басталған іс бүгінде табыс көзіне айналып үлгерді.
ЖАНЕРКЕ ЗУЛЬПУХАРОВА, 9 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
- Кішкентай кезімнен бастап тамаққа қызықтым. Өзім көрдім, іздедім, қандай тамақ менде жақсы шығады деп. Осылайша барлық нәрсені пісіріп, барлық нәрсені үйрендім. Ең бірінші саудам құрбыларыма болды. 40 данасын саттым. 40-тан мен 4500 теңге тапқан болатынмын. Қасында сусыны бар дегендей. Жалпылағанда 5000 теңге таптым.
Әрине, қазір Жанеркенің табыс көзі айтарлықтай өскен. Бұрын тек туған-туыс, дос жарандарының арасында ғана сауда жүрсе, қазір әлеуметтік желі арқылы бүкіл қалаға танылып үлгерген. Жас таланттың сөзінше, тамақ пісіру – бұл жай хобби. Десе де, болашақта бұл істі тастамаймын, қосымша алып жүремін. Тіпті мейрамхана ашуымда да әбден мүмкін дейді, арманы асқақ, мақсаты айқын Жанерке.