Спортшыларға арналған тағамдық қоспа

Қазақстандық ғалымдар спортшылардың денсаулығын бір қалыпта ұстап тұратын тағамдық қоспаны әзірледі. Ол жасушаларды зақымданудан қорғайды, жасқа байланысты пайда болатын аурулардың дамуын баяулатады, сондай-ақ физикалық және ақыл-ой қабілетін арттырады. Зерттеу, тестілеу және сертификаттау кезеңдерін қоса алғанда, ғалымдар үш жылға жуық жұмыс істеді. Әзірлеушілердің айтуынша, әлемде бүгінгі таңда қоспаның баламасы жоқ. Оған қоса, емдік және профилактикалық тағамның мамандандырылған өнімдері спортшыларға ғана емес, зиянды өндірістерде жұмыс істейтін немесе қоршаған ортаның қолайсыз әсерін сезінетін адамдарға да жарамды.


Серғазы Шыңғыс, жоба жетекшісі:


- Бастапқыда тек қартаюды баяулататын өнім ретінде шығарған едік. Біз геронтологиялық өнімдермен жұмыс істедік. Түрлі жидектер мен шөптердің полифенольді қосылысын зерттедік. Соның нәтижесінде кейіннен ұқсастықты Қазақстан аумағындағы эндемиялық өсімдіктерден байқадық, оның қасиеттері біздің спортшыларға үлкен қашықтықтағы жарыста күш беріп, төзімділікті арттыруға және жаттығуларға бейімделуге көмектеседі. Міне, осыған орай аталған өнімді жасап шығару туралы шешім қабылдадық.


Қазір елімізде алғашқы сынақ партиясы сатылымға шықты. Өнімнің жаппай шығарылуы осы жылдың желтоқсанына жоспарланған. Болашақта халықаралық нарықтарға жеткізумен қатар өндіріс пен ассортиментті кеңейту жоспарланып отыр. Дегенмен қазірдің өзінде шетелде отандық тағам қоспасына сұраныс артып келеді.


Серғазы Шыңғыс, жоба жетекшісі:


- Нарыққа жеткізуді Қазақстан аумағынан бастаймыз. Қазір жоспарда маркетплэйстерде тіркелу тұр. Сатылымға шығаратын сауда желісімен келісімге қол қойдық. Біз Әмірліктер мен Сауд Арабиясы, Қытай нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, біздің өнімді тіркеу тұтынушылар алаңын кеңейте түседі. Осылайша Еуразиялық экономикалық одақ аумағында, Ресей, Беларусь, Қырғызстанда сатуға мүмкіндік береді.

Авторы: Әсел Күшенғалиева