2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысына еліміздің өзге өңірлерінен 10 мыңнан астам жұмыс күшін көшіру жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлім етті. Оның айтуынша, шара аймақтағы демографиялық мәселелердің жақсаруына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 5% дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға, жаңа жерде бейімдеуге жағдай жасау үшін 200 мыңнан астам теңгені құрайтын бірреттік жәрдемақы беріледі.
Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
- Бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді алу, қоныс аударуға өтінім беру және қабылданған шешіммен танысу Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге асырылатын болады. Екіншіден, қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға, жаңа жерде бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін бірреттік жәрдемақы мөлшерін 35-тен 70 АЕК-ке көбейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ министрдің сөзінше, алдағы 5 жылда өңірде 97 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Кешенді жоспар аясында іске асырылатын жобалар бойынша тағы қосымша 16 мың тұрақты табыс көзі құрылады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов