Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге қазақстандықтар жаппай гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр. Еңбек ұжымдары бір күндік жаңалақыларын арнайы көмек қорына аударып жатыр. Азаматтар, қоғам белсенділері, жастар, кәсіпкерлер алғашқы қажеттілік құралдарын, азық-түлік пен жылы киім жинап, өңірге жөнелтіп жатыр.
Мағжан Исахов, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:
– Бұл біздің ауызбіршілігімізді көрсетеді. Ұйымшылдығымызды көрсетеді. Бұл асар біздің осыған дейінгі ата-бабамыздан келе жатқан үлкен дәстүр, үрдіс. Қазіргі таңда біз осыны жалғастырудамыз. Аталған гуманитарлық көмекті жеткізіп беріп, тағы да еріктілердің жұмыстарымен өрттен кейінгі қалдықтарын тазалауға атсалысу жоспарлануда.
Маңғыстаулықтар да гуманитарлық көмек жинады.
Абзал Марат, ерікті:
– Әлеуметтік желісі бар, басқа да бұқаралық ақпарат көздеріне байланыс телефондарын шығардық. Жұмыс уақытына қарамай, үлес қосам деген азаматтармен тілдесудеміз. Қабылдау пункттері нақты жұмыс уақытынан бөлек, кешкі 8-ге дейін жасауда.
Қарағанды облысында бір тәулікте 10 млн теңгеге жуық қаржы мен 10 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналған. Зардап шеккен аймақтарда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін волонтерлік жасақ құрылды.
Нұрсұлтан Шәменов, «Amanat» партиясы қоф қоғамдық қабылдауының жетекшісі:
– 30-ға жуық қарағандылық жастар Қостанай облысына аттанады. Сондай-ақ қалалар мен аудандарда да осындай тізімдер жасақталған.
Ал Ақтөбе облысында жергілікті кәсіпкерлер 40 тоннаға жуық жүк жинады. Қаржылай қолдау арнайы есеп-шотқа аударылуда.
Ербол Шыма, «Amanat» партиясы қобда аудандық филиалының атқарушы хатшысы:
– Бүгінде миллион теңгеге жуық ақша жинадық. Бір тонна күріш, 500 келі қарақұмық, 300 литр күнбағыс майын алдық. Қалған азаматтарымыз бір күндік жалақысын «Аманат» партиясы жанындағы ресми қорға аударады.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қазақстандықтар Қостанай облысының зардап шеккен тұрғындарына қажет көмек легін тоқтатпайды.